Қызылорда облысында 160-тан астам мал ұрланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 160-тан астам мал ұрланған

01.04.2022

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында мал ұрлығы тыйылар емес. Соңғы екі жылда жергілікті тұрғындардың 160-тан астам тұяғы қолды болған. Барымташылардан әбден зәрезап боған жұрт бүгінде төрт-түлігін сатуға мәжбүр болып отыр.

Малмен жан бағып отырған ауылдың бүгінде берекесі қашқан. Әккі барымташылардан осы кезге дейін 60-тан астам отбасы опық жепті. Тіпті, елді мекендегі ірі шаруа қожалығы құрдымға кетудің алдында тұр. Кәсіпкер несиеге алған асыл тұқымды мүйізді ірі қараларын ұрылар үптет кетпей тұрғанда жаппай сатуға шығарғанын айтады.

Зұлпыхар Сыздықов, шаруа қожалығының төрағасы:

Бір жүзге тарта жылқым бар еді. Сасқанымнан енді жылқымның бәрін сатып біттім. Енді қара малым былтырдан бері 25 үстінде жоғалып тұр. Бұл малды да 500-дің үстінде енді оныда сатума тура келіп отыр.

Құқық қорғау органдарынан күдерін үзген түгіскендіктер осыдан бірнеше ай бұрын қаскөйлердің ізін кесіп, қолға түсірген. Ұры алыстан келмепті. Қылмысқа қатысы бар деген ауылдың 4 азаматы күдікті ретінде ұсталып, полиция қамауға алған. Бірақ, сотқа жетпей бәрі бостандыққа шыққан. Ашынған жұрт ұрылар жазадан жалтарып кетпей ме деп алаңдайды.

Күмісбай Кесебаев, ауыл тұрғыны:

Сол балдардан көрем. Өйткені, барлық датасы бәрі соған тура келіп тұр. Ол жанағы арызымызды бердік Жаңақорғанға апарып. Олар мысалы кешегі ұрланғанды есептеп көрсеңіз қанша мал ұрланды есеп жоқ. Өйткені, ол адам малдың жартысын береді да, қазір шығып кете береді.

Тұрғындардың наразылық акциясына аудандық полиция бөлімінің өкілдері келіп, мән-жайды түсіндіргендей болды. Күдікке ілінгендердің бірі прокурордың, қалғаны соттың шешімімен үй қамаққа ауыстырылғанын жеткізді. Ал қылмыстық іс әлі тергелу үстінде.

Рахымжан Сұлтанқұлов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

Ол жерде 8 адам олар өздері қайтарған 14 бас малды. Қалғанына қайтармаған. Ол жөнінде біз олардан жауап алу барысында сұрадық. Біз ол малдарды ұрлаған жоқпыз дейді. Енді біз қазір оның бәрін тексеріп, тергеп жатырмыз. Бұлардан басқа мүмкін басқа бір топ бар шығар. Мына Түркістаннан, болмаса Балтакөл жақтан келіп жатқан. Оның бәрін қазір тексеріп жатырмыз.

Жалпы полицияға ауыл тұрғындарынан 160-тан астам мал ұрлығы бойынша арыз-шағым тіркелген. Әділдік іздеген жұрт республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының өкілдеріне жүгініп, істің бұрмаланбай, ұсталған ұрылардың тиісті жазасын алуын сұрап отыр.

Әділжан Серікұлы


Хабарламаларға жазылу