Қазақстандық салымшыларға мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық салымшыларға мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы төленеді

01.04.2022
Қазақстандық салымшыларға мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы төленеді

Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, қазақстандық салымшыларға қолдау көрсету мақсатында теңге депозиттеріне банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден тыс, мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы (өтемақы) есептеледі.

10% өтемақы бюджет қаражатынан төленеді.

Теңге депозиті бойынша 10% өтемақы алуға кімдер құқылы?

Салым сомасының 10%-ы көлемінде өтемақы (мемлекеттен біржолғы сыйақы) алуға қазақстандық банктің әр салымшысы, яғни, жеке тұлғалардың да, сол сияқты жеке кәсіпкерлердің де құқығы бар. 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап келесі 12 айда, депозитті банкте сақтау – өтемақы төлеу үшін міндетті талап.

Қандай салымдар бойынша өтемақы алуға болады?
Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы мына салымдарға қолданылады:
- жинақ салымдары;
- Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктемесіндегі мерзімді, сондай-ақ мерзімсіз салымдар;
- «Отбасы» банктегі салымдар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы салымдар (AQYL депозиттері).

Ақша қашан төлене бастайды?
Біржолғы сыйақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін есептеледі, ал төлем жүргізу кезеңі туралы тиісті НҚА жарияланғаннан кейін ғана белгілі болады.

Өтемақы алу үшін өтініш беру қажет пе?
Салымшылар банкке жазбаша нұсқада немесе онлайн-сервистер арқылы өтініш беруі қажет. Бұл туралы НҚА жобасы бекітілгеннен кейін ғана белгілі болады. Қазіргі уақытта өтініштер қабылданбайды.

Төлем картасындағы ірі сомаға 10% өтемақы есептелуі мүмкін бе?
Теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы төлем карталарында сақталатын ақшаға, сол сияқты ағымдағы шоттарға да қолданылмайды.

Өтемақы қандай жағдайда төленбейді?
Төлем карталарынан басқа, банк депозиттерінің жинақтауға және көбейтуге емес, есеп айырысу жүргізуге арналған кейбір түрлері үшін де мұндай өтемақы төленбейді.

Мемлекеттен төленетін өтемақы мөлшері шектеулі ме?
Өтемақы сомасы тек 20 миллион теңгеден асатын ірі салымдар үшін ғана шектеулі. Сыйақының ең жоғарғы сомасы 2 млн теңгені құрайды, яғни 20 миллион теңгенің 10%-ы мөлшерінде.
Ұлттық банк теңге депозит салымшылар бюджет өтемақы сыйақы

Хабарламаларға жазылу