АҚШ пен Ұлыбритания барлаушыларының дерегінше, Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағылар оған Украинада болып жатқан жағдай туралы нақты әрі толық ақпарат беруден қорқады. Яғни, Кремль басшысына Ресей әскерінің тиімсіз әрекет етуі, ел экономикасына салынған санкциялардың әсері туралы бұрмаланған мәлімет жеткізіледі. Соның салдарынан президент пен елдің әскери жетекшілігі арасында қарым-қатынас шиеленіскен, дейді америкалық барлаушылар.
Британия барлау қызметінің мәліметінше, Украинадағы Ресей сарбаздарының кейбірі бұйрықты орындаудан бас тартты. Өз әскери техникасы мен жабдықтарына қасақана зақым келтіретін жағдайлар тіркелген. Дегенмен, бұл ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын дәлелдер жоқ. Украинадағы ахуалға тоқталсақ, жағдай өзгермеген. Атыс-жарылыс жалғасып жатыр. Ресей әскері Черниговта операциясын доғаруға уәде бергенімен, жергілікті биліктің мәлімдеуінше, шабуыл тоқтаған жоқ. Түні бойы жасалған әуе соққысынан тұрғын үйлер, инфрақұрылым, сауда орталықтары мен кітапхана ғимараттары қираған. Ресей күштерінен азат етілген Ирпень қаласында да ұрыс жалғасып жатыр.
Украина Қарулы күштері бас штабының мәлімдеуінше, Ресей өз бақылауындағы Херсонды «Халық Республикасы» деп жариялау үшін референдум өткізуге дайындалып жатыр. Ал Украина-Ресей арасындағы қақтығысты аяқтауға бағытталған келіссөз жұма күні жалғасуы мүмкін.
Арай Төлегенқызы