Ресей әскері Украинаның шығысында шабуылдарды үдете түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскері Украинаның шығысында шабуылдарды үдете түскен

30.03.2022

Ресей әскері Украинаның шығысында шабуылдарды үдете түскен. Бұған дейін Мәскеу кей аудандарда операцияны мейлінше доғаратынын мәлімдеген еді. Киев тарапының дерегінше, бұл уәде орындалған жоқ. Ал Украина-Ресей келіссөзі қайта жалғасады.

Әскери қақтығыс. Ресей әскері қайта топтасып жатыр

Ресей әскері қайта ұйымдасып, Украинаның Донецк және Луганск облыстарына ойыса бастады. Олар Попасная, Рубежное және Мариуполь қалаларын бақылауға алуға бар күшін жұмсап жатыр. Харковьті қоршауға алып, артиллериядан оқ жаудырды. Николаев қаласына кеше жасалған әуе соққысынан 14 адам қаза тапқан. Ресей болса, азаматтық инфрақұрылымдарға оқ атқанын жоққа шығарып отыр. Таңертең Киев пен Чернигов қалаларында дабыл қағылды. Өйткені Киев іргесінде бірнеше жарылыс болған. Бұған дейін Ресей Киев пен Чернигов қалалары маңындағы операцияларды қысқартатынын мәлімдеген еді. Батыс елдері мен Киевтің пікірінше, Мәскеу берген уәдеге сақтықпен қараған жөн.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Келіссөзден ілгерілеу байқалады. Бірақ одан ресейлік снарядтар тоқтамайды ғой. Елдің тас талқанын шығарып жатқан мемлекет өкілдерінің сөзіне сенім жоқ. Украиналықтар аңғал халық емес. 34 күн бойғы басқыншылық пен соңғы 8 жылдағы соғыста тек нақты нәтижеге сенуге болатынына көз жетті.

Келіссөз жалғасады. Ресей: ілгерілеу байқалмады

Украина-Ресей келіссөзі қайта жалғасуы мүмкін. Қос мемлекеттің делегаттары Түркияның Ыстанбұл қаласында кеше кездесті. Украина өкілдерінің сөзінше, Ресей тарапы Киевтің талабын алғаш рет ультиматум қоймай тыңдаған. Алайда Кремль өкілі Дмитрий Песков келіссөзге қатысты пікір білдіріп, қандай да бір оң нәтиже байқалмағанын айтты.

Дмитрий Песков, Ресей Президентінің баспасөз хатшысы:

Оң тұсы сол - Украина тарапы өз ұсынысын нақты құрастырып, қағазға түсірген. Қалғаны бойынша қандай да бір ілгерілеу бар деп айта алмаймыз. Алда ұзақ та күрделі жұмыс күтіп тұр.

БҰҰ мәліметі: Босқындар саны 4 миллионға жетті

Украинадан кеткен босқындардың саны 4 миллионға жеткен. Бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі агенттігінің мәліметі. Елін тастап кетуге мәжбүр болған украиналықтардың 2 миллион 300 мыңдайы Польшаға бас сауғалаған. Ал БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәлімдеуінше, Украинадағы әскери қақтығыс әлемнің өзге елдерінде ашаршылық қаупін тудырды. Биыл ақпан айында азық-түлік күрт қымбаттап, баға рекордтық деңгейге жеткен.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу