Елорда маңындағы Қосшы қаласына тұрмыстық қалдықтар полигоны керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда маңындағы Қосшы қаласына тұрмыстық қалдықтар полигоны керек

30.03.2022

Стандартқа сай тұрмыстық қалдықтар алаңын ашуға жер учаскісі табылмай жатыр. Жергілікті жұрт осы проблеманы 7-8 жылдан бері айтып жүр. Осы аралықта Қосшының қасында заңсыз қоқыс полигоны пайда болған. Оның зардабын Тайтөбе ауылының тұрғындары тартып отыр.

Берік Көшербай, тілші:
Бүгінде Тайтөбе қоқысқа бай төбеге айналып тұр. Себебі, қасындағы Қосшы қаласынын шыққан күл-қоқыстың бәрі осы ауылдың маңына жеткізіледі. Ол аздай, Елорда қаласынан құрылыс материалдарының қалдықтарын да осы жаққа әкеліп төгіп кететіндер көп.

4 мыңға жуық халқы бар елді-мекен маңында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері көп. Ең үлкенінің аумағы 100 гектардан асады. Заңсыз полигон мен ауыл арасы небәрі 3 шақырым.

Әлия Қалиасқарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
Жаз бойы жанады. Қатты дауыл тұрса, сол жақтан пакеттер ұшып, ауыл іші толып кетеді. Ол пакетпен ана жақтан қандай ауру келетінін біз білмейміз. Денсаулыққа зиян, полигон дәл қасымызда.

Шағым көп болған соң биыл осы қоқыс полигонын жою үшін бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Бірақ, бұл жерді тазартып тастағанымен, Қосшыға тұрмыстық қалдық төгетін басқа орын белгілеу керек. Елдімекен елордамен көрші болғандықтан, полигон үшін жер табу оңай болмай тұр.

Арыстанбек Таскынбаев, Облыстық экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
Бірінші, елордаға өте жақын орналасқан. Екінші, әуежайдан 15 километр аумақта ондай полигон болмау керек, өйткені ұшақтың ұшып-қонуына қоқыс үйінділеріндегі құстардың кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ол да рұқсат етілмейді. 

Жергілікті әкімдік жерді 7-8 жылдан бері бөле алмай жүр. Шыдамы таусылған жұрт ақыры Мәжіліс депутаттарына шағымданды. Олар заңсыз қоқыс алаңын өз көзімен көріп, проблеманы шешуге көмектесеміз деп уәде берді.

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ертең, мысалы, Үкіметтің осы мәселеге жауапты Вице-премьермен кездескенде, олар бізге Мәжіліске келгенде осы тақырыпты көтеріп, сұрақ қоямыз. Басқа облыс, аймақ туралы не айтамыз, егер елордадан 10 шақырым жердегі осы мәселені әлі күнге дейін шеше алмай келе жатсақ.

Ғарыштық мониторинг тек бір ғана Ақмола облысында 1300-ден астам заңсыз қоқыс полигоны бар екенін көрсеткен. Экологтардың мәліметінше, бүгінде олардың 85 пайызы жойылды. Бірақ, өте үлкен аумақты тазартуға жергілікті биліктің шамасы жетпейді.


Хабарламаларға жазылу