Ирпень қаласы Украина әскерінің бақылауына өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ирпень қаласы Украина әскерінің бақылауына өтті

29.03.2022

Украинада әскери қақтығыс жалғасып жатыр. Соңғы деректерге сай, елдің қарулы күштері Киев түбіндегі Ирпень қаласын қайтарды.

Бірақ Киев облысының солтүстігі әлі де ресейліктердің бақылауында болғандықтан, шайқас әлі жүріп жатыр.

BBC-дің дерегінше, Украина күштері Херсон облысындағы бірнеше елдімекенді қайтарған. Ал 27 күн бойы қоршауда отырған Мариупольда ғимараттардың 90 пайызы қираған. Үш аурухана жермен-жексен болды. Ресейлік күштер Чернигов қаласын да толықтай қоршауға алған. Британия қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Украинаның шығысында «Вагнер» компаниясының мыңдаған жалдамалы қызметкері Ресей әскерінің жағынан қақтығысқа қосылады.

Ал Financial Times газетінің хабарлауынша, Мәскеу Киевке қарсы талаптарының көбінен бас тартуға дайын. Сонымен бірге Украинаның ЕуроОдаққа мүше болуына келісуге, оған көпжақты қауіпсіздік кепілдігін беруге қарсы емес. Дегенмен Ресей Киевтен НАТО-ға кіру жоспарынан бас тартуды, үшінші елдердің әскери базаларын Украина аумағына кіргізбеуді және ядролық қару жасауға тырыспауды талап етіп отыр.

Айта кетсек, Киев -Мәскеу келіссөзі бүгін Түркияда басталады. Қос тараптың делегаттары кездесу өтетін Ыстамбұл қаласына барды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу