«AMANAT» аймақтарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«AMANAT» аймақтарды аралады

28.03.2022

Су, жол, жарық мәселесі. Ауыл-аймақтың басты проблемаларын азаматтар «Аманат» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауларында айтып жатыр. Саяси ұйым мүшелерінің облыстарға сапары жалғасты. Бүгін олар Қызылорда облысына қарасты Есет батыр, Іңкәрдария, Қандөз, Жөлек, Бекарыстан би сияқты 5 ауылға барды. Тұрғындарды ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, жайылым жерлерді кеңейту, ауыз су және суармалы су, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру сияқты мәселелер толғандырады. Сондай-ақ партия мүшелері қоғамдық қабылдауға келе алмаған І-топтағы мүгедектің үйіне барып, мұң-мұқтажын тыңдап, қолғабыс етуге уәде берді. Ал Есет батыр ауылының тұрғындары көшені жарықтандыру мәселесін көтерді.

Гүлсім Жаханова, Есет Батыр ауылының тұрғыны:

13 көше бар ауылда. Сол 13 көшенің 3-де жарық бар. Қалған 10 көшеге жарықтандыру жүргізілсе деген ұсыныспен кірген болатынмын. Жауап алдым. Бүкіл осы көшелерді жарықтандыруға өз көмектерін беріп, келешекте тапсырма орындалатынына сендірді.

Азамат Біржанов, «Amanat» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары:

Қызылорда облысында 5 ауданда 5 ауылдық окрутгте өтеді. Бүгінгі күннің өзінде 100-ге жуық азамат жазылып қойған. Жазылып қойған азаматтар аудан орталықтарына, облыс орталығына барып, қаражат шығындамас үшін осылай ауылдарға өзіміз шығып отырмыз.

 «AMANAT» мобильді бригадалары Павлодар облысындағы шалғай елді мекендердің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Шідерті, Төртқұдық, Ивановка, Тереңкөл, Жаңа жұлдыз, Алакөл ауылдарында болды. Шідертілік азамат Қаныш Сәтпаев атындағы су арнасының құрылысын жаңарту туралы өтініш білдірді. Су арнасы 40 жылдан артық жөндеу көрмеген. Жаңа құрылғылар қажет. Қауіпсіздік үшін қоршау орнатқан жөн, - дейді ауыл тұрғыны. Атап өтейік, бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар Ақмола және Қарағанды облыстарына барды. Сол кезде шалғайдағы 10 ауылдың 100-ге жуық тұрғыны ауыз сумен қамту, интернет, жол, балабақшалар мен мектептер құрылысы сияқты мәселелерді жеткізген.

Әлбина Әшім

Хабарламаларға жазылу