Үкіметте алимент өндіріп алу тетіктері қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте алимент өндіріп алу тетіктері қаралды

28.03.2022

Өткен жылы алименттен жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір 8 мыңға жуық борышкерден қарызды өндіріп алу жұмыстары созылып барады. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Жалпы елімізде алиментті өндіріп алуда олқылықтар көп. Сот орындаушылардың әркетіне қатысты шағымдар да жетіп артылады. Дарын Сағитов тарқатады.

Алимент төлемей бас бостандығынан айырылғандардан бөлек, өткен жылы 6 мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Демек, қарызды өндіріп алуда олқылықтар көп. Бастысы – заң шикі. Борышкерлердің қарызды төлеуге жағдайы жоқ. Тағы бір проблема – көптеген қаржы ұйымдары автоматтандырылған ақпарат жүйесіне қосылмаған.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

Елдегі 27 банктің тек 14-і ғана ақпарат алмасу жүйесіне қосылған. Бұл шоттарды бұғаттауға қатысты. Сонымен қатар, автокөлікке тыйым салу немесе оны алып тастау және жүргізуші куәлігін пайдалануды шектеу мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігімен интеграция жоқ.

Алиментті өндіріп алу күрделі жұмыс. Сот орындаушылар тарапынан шыдамдылық пен төзімділік қажет. Дегенмен, олардың заңды белден басатын әрекеттеріне шағымдар азаймай отыр. Соңғы 3 жылда арыз-шағымның саны 10 мыңнан асып кеткен.

Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Статистика бойынша соттарға түскен әкімшілік талап арыздарының жалпы санының арасында ең көбі – сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты істер бойынша болып отыр. Соңғы 9 ай ішінде тұтастай алғанда, республикада 6 мыңнан астам талап арыз түскен.

Өткен жылы жүктелген міндетін орындамаған 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылған. Тиісті палата басшысы 2017-жылға дейін лицензия алу жеңіл болды деп отыр. Сол кезде білімі жоқ, немесе бұл салада жұмыс істемеген азаматтар көп тартылған. Қазір лицензия беру тетіктері қатаңдатылып отыр.

Ернар Ибраев, ҚР жеке сот орындаушылары республикалық палатасының басқарма төрағасы:

Заң бойынша лицензиясынан айырылған сот орындаушы 3 жылдан кейін қайтадан лицензия алуға қақысы бар. Сол себептен ойлану керек. 3 жыл мүмкін аз шығар. Мүмкін лицензиясынан айырылған сот орындаушы екінші рет палатаға кірмейді деп заң қабылдау керек». 

Алимент төлемеудің айласы көп. Кейбір борышкерлер жұмысқа орналасқанда келісім шарт рәсімдемейді. Тексере қалса – жұмыссыз болып шыға келеді. Бұл кәсіпкер үшін де тиімді. Артық салық төлемейді, зейнетақы қорына ақша аудармайды.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

Бұл да үлкен мәселе. Ешқандай құжат рәсімдемей жұмыс күшін тарту кәсіпкер үшін тиімді. Сондықтан осындай жолмен азаматтарды жұмысқа алатындарды жазалауды қатаңдату керек деп ойлаймын. Осыған қатысты заңнамалық тетіктерді де қарастыру қажет.

Тараптарға тиісті хабарлама жіберу тетіктерін де жетілдіру керек. Мысалы, СМС-хабарламаламалар борышкерге немесе өндіріп алушыға жетпеуі де мүмкін. Ал пошта арқылы хабарлама жіберу ұзақ уақыт алады, оның үстіне қызмет ақылы. Шамамен 400 теңге. Бұл ретте министр болашақта әр азаматқа электронды пошта ашу ұтымды болар еді деп отыр. Жиында алимент қорын құрайық деген де ұсыныс айтылды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Әкесі алимент төлемесе, ақшаны мемлекет береді.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алимент қорын құру керек. Францияда осы бастама өз жемісін беріп отыр. Борышкер 3 айдан артық алимент төлемесе балаға қордан ақша беріледі. Артынан ол ақшаны борышкерден өндіріп алады. Бұл проблеманы шешу үшін мемлекетте қажетті тетіктер бар деп ойлаймын.

Әділет министрі ұсынысты қолдаған жоқ. Ата-ананың міндетін мемлекетке ысырып тастау - әділетсіздік дейді. Оның үстіне мұндай қор борышкерді жуапкершіліктен жұрдай етеді. Қалай болғанда да қарызды өндіріп алу тетіктерін жылдам жетілдірілдіру қажет. Қазір министрлік барлық олқылықтарды ескеріп, «Мәжбүрлеп орындату» туралы жаңа Заң жобасын әзірлеп жатыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу