Әскери кафедраларды пайда табу үшін ашады. Соңғы жылдары олар тіпті көбейген. Талдау жүргізген сенаторлар, маман даярлау ісінде шикілік көп деп отыр. Тіпті кеңес кезеңінің сарқыншағы деп, жауып тастауды да құптайды. Алайда, әскери сала өкілдерінің пікірі мүлдем басқа. Олардың айтуынша арнаулы кафедралардың арқасында запастағы офицерлер қоры көбейген.
Арлан әскери кафедраны астанадан бітірген. Армия болмаса да темірдей тәртіпке бас иді. 12 сағат сабақтан себепсіз қалғандар қуылған. Түскеніне өкінбейді.
Арлан Түлкібаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Менің мамандығым разведка болған. Сондықтан мамандыққа сай пәндері болды. Менде разведка болғандықтан тактика, воружение стрельба деген екі пән міндетті түрде болды.
Әйтсе де, әскери кафедра – құр әлек. Студент аптаның бір күнін соған сарп етіп, негізгі мамандығын мардымды меңгермейді. Оның үстіне армияға бармайтын болған соң талапкерлер де осы кафедраға түсуге талпынады. Оқу тегін әрі ақылы. Ал, университет басшылары қосымша пайдаға кенеледі. Бұған соңғы 6 жылда 11 жоғары оқу орнында әскери кафедраның ашылуы айғақ. Қазір жалпы саны 36.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әскери кафедра бұл кешегі советтік кезеңнен қалған қалдықтар деп есептеймін. Көрші Ресейдің өзінде мысалы 2019 жылы әскери кафедраларды жауып тастаған. Жоқ, әскери кафедралар жоқ. Оларда арнайы әскери орталықтар бар. Онда бітіргеннен кейін міндетті түрде 2 жыл әскерде болуың керек. Ал, бізде ол міндеттелмеген.
Әскери машықты мансапқа айналдыратындар аз емес. Әр жас армияда немесе кафедрада болсын ант береді. Кейінгісіне жылына 6 мыңға дейін студент түседі. Олар лейтенант шенін алып шығады. Сөйтіп, қай-қайсысы да ел басына күн туса сапқа тұрады. Екі жыл бұрын пандемия кезінде жаппай әскери жинақ жүргізілді. Негізгі себеп – індетпен күрес және су тасқынынан сақтану. Ал, Ресейге келсек тек запастағы офицерлерді шығарып отырған жоқ, сержанттарды да даярлап жатыр. Айтпақшы, әскери салаға өмірін арнаған Ғани Артықов та университеттің арнаулы кафедрасын тәмамдаған.
Ғани Артықов, «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
Әскери кафедраларды алып тастау немесе олардың керегі жоқ деген ұғым әрине теріс. Енді мынау арнайы әскери оқу орындарын бітіріп, кәсіби офицер болып, лейтенанттан бастап одан жоғары деңгейдегі офицерлерге шейін қызметін атқарып 45-55 жас аралығында запасқа шығып отырған азаматтарымыз ол көп емес. Әскери кафедралардың жылда шығарып отыратын запастағы офицерлеріміз олар жас жағынан да көп болады. Екіншіден біздің қорға өте қажет.
Заман қу, уақыт зу. Әр ел қазір әскери әлеуетін күшейтумен әбігер. Осы ретте әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жасақтау – міндетті іс. Жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін халықаралық тәжірибемен ұштастыру да маңызды.
Айбар Қажыбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бағыт аға офицері:
Оңтайландыруды немесе жетілдіруді кафедралардың санын азайту немесе толық жабумен байланыстыруға болмайды. Мақсат – ЖОО-ның бәрінде әскери кафедра ашу емес. Әскери кафедралардың сапасын арттыру. Қазіргі кезде әскери кафедралар тексерілуде. Қорғаныс министрлігінің бұйрығына, талабына сай келмеген жағдайда әскери кафедралар жабылады.
Жалпы елде запастағы офицерлер жыл сайын мерзімді әскери қызметке шақыртылады. Биыл 190 маман тартылмақ. Оның ішінде 150 лейтенант қарулы күштер қатарына барса, қалғаны шекарада қызмет етеді. Басым бөлігі әскери кафедраның түлегі. Әрине, әскери салаға немқұрайлы қарауға болмайды. Бірақ, кафедраның әлеуеті әлемдік стандарттарға сай болса, әскер сапасының да артатыны анық.
Нысаналы Ығыл