Биыл Қазақстанда алма өнімі азаюы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстанда алма өнімі азаюы мүмкін

28.03.2022

Биыл Қазақстанда алма өнімі азаюы мүмкін. Өйткені, бүр жара бастаған жеміс ағаштарын үсік шалған. Салдарынан шаруалар шығынға баттық деп отыр. Жауапты министрлік мәселені біліп отыр. Бірақ, бағаға шектеу қоя алмайтын сияқты.

Жеміс бағы ерте көктегенмен, көпке шыдамады. Суық түсіп, көбі солып қалды. Демек күзде өнім аз болады.

Танабай Шынтасов, шаруа иесі:

Жеміс ағашы тірі организм ғой. Кешегі суықтан кейін кез келген ағаш стресс алады. Қолдан келгенше әрекет жасадық. 10-15 процент урожай бар. Ерте гүлдер 100 процент түсіп қалды. 10-15 процент қалды.

Бағбандар қолайсыз ауа-райына алдын-ала қамдану керектігін біледі. Өйткені, 4-ші жыл қатарынан табиғат тосын мінез танытып келеді. Бірақ, қауқары жетпейді. Қомақты қаражат керек. 1 гектарды күтіп-баптауға кемі 500 мың теңге кетеді.

Танабай Шынтасов, шаруа иесі:

Сақтандыру болмаса жаңағыдай жағдай болатыны абайдық. Себебі диқандар 500 мың теңгелік көтереді деп айта алмаймын. Сондықтан сақтандыру жүйесін енгізу жартылай болса да шешілер еді. Сондықтан Үкімет тарапынан, министрлік тарапынан жағдай жасамаса шаруалардың басы басқа өнімге кету мәжбүрі бар.

Қазір нақты қанша шаруашылықтың зардап шеккенін кәсіпкерлер палатасы есептеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша жүзден асады. Алма өсіретін үш өңір - Алматы, Түркістан, Жамбыл облысында да жағдай мәз емес. Мәселені шешудің негізгі жолы – сақтандыру. Өйткені, әлі күнге дейін сақтандыруға енгізілген дақылдардың есебінде алма ағашы жоқ.

Әділ Қасқарауов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент сарапшысы:

Көп шаруалардың сұрап жатқаны сақтандыру. Бақтарды енді сақтандыратын болады. Ол туралы түсінік бар. Сақтандырылған шығындар кәсіпкерге төленетін болады.

Жалпы, биыл диқандарға оңай болмай тұр. Кедергі көп. Қымбатшылық тағы бар. Ауылшаруашылығы министрі қазір оңтүстік өңірлерді аралап, диқандардың арыз-шағымын тыңдап жүр. Арнайы жұмыс тобы құрылып жатқанын мәлімдеді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Осы жұмыс топтың жұмысын ендігі аптадан бастап кетеміз. Жаңағы жылы жайдың ассосацияларының өкілдерінің міндетті түрде өзінің сұрақтарын көтеріп сол жұмыс тобы барысында сұрақтарының бәрін қойып шешімін табады деп ойлаймыз.

Қалай дегенмен, үсік шалған алма ағаштарынан өнім аз болады. Демек, күзде баға тағы қымбаттайды.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу