Елімізде балалар арасында тіс ауруы асқынып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде балалар арасында тіс ауруы асқынып тұр

28.03.2022

Елімізде ересектердің 100%-ы, балалардың 86%-ының тіс жегісі зақымданған. Тіпті соңғы жылдары балалар арасында тіс ауруы тіптен асқынып барады. Сондықтан білім беру ұйымдарының өкілдері мектептерге стоматологиялық кабинеттерді қайтаруды сұрайды. 

Жамалдың жекеменшік стоматологияға 2 қызын әкеліп, тіс емдетіп жүргеніне 4 айдан асты. Есептесе, толыққанды ем-дом шараларына 100 мыңнан аса теңге шығын кетеді екен.

Жамал Әбішева, ата-ана:

Балаларымыз тіс күтімінің ережесін де білмейді. Әрине, біз айтқанымызбен, мамандардың көрсетіп, үйреткенінің жөні бөлек. Мектептерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Ақылы тіс емдетуге барлық ата-ананың шамасы келе бермейді.

Шымкент қаласында «Қауіпсіз мектеп» пилоттық жобасы негізінде 45 мектепте тексеріс-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде балалар арасында тіс ауруының алдыңғы қатарға шыққаны анықталған.

Жанат Тажиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы:

Сабаққа келмеген балалардың 70%-ға жуығында патологиялық аурулар болған. Сол 70% потологиялық аурудың 45%-ы осы тіс ауруына байланысты келе алмаған балалар болып отыр. Бұған дейін мектептерде стоматологиялық кабинеттер бар кезде бұл соншалықты проблема болмайтын. Ал бүгінгі таңда білім ұйымдарындағы стоматологиялардың барлығы жекеменшікке өтіп кеткен.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 367 мектепте стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Алайда барлық мектептерде арнайы кабинет ашу мүмкіндігі жоқ.

Назым Бектұрғанова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас тіс дәрігері:

Не себепті мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылмайды? Оның бірінші себебі, заңды тұрғыда рұқсат жоқ. Яғни лицензия берілмейді. Екіншіден, ата-аналардан тісті мектепте емдеуге рұқсат алу қиын. Үшіншіден, гигиеналық тұрғыда мектеп ғимараты стандартқа сай емес.Толыққанды тіс емдеу үшін рентген кабинеттері керек.

Министрлік 2021 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың тісін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен тегін емдетуді қарастырды. Бірақ елімізде осы жүйе арқылы жұмыс істейтін жекеменшік емханалар қатары саусақпен санарлық.

Динара Закарянова, тіс дәрігері:

Бұл бағыт енді ғана дамып келе жатыр, сондықтан емханалар қатары енді артып жатыр. Шағым көп. Мен күніне 13 пациент қабылдасам, соның 10-ы балалар.

Жауапты орган стоматологиялық емес, профилактикалық кабинеттер ашуды қарастырып жатыр. Яғни балаларға тіс күтімінің негізі алғышарттарын түсіндіріп, ауруды асқындырмау үшін жиі тексеріп отырады. Ем қажет болса, емханаға бағыттайды. Ал МӘМС жүйесі арқылы тегін емдейтін клиникалар қатарын әсіресе өңірлерде арттыру - әлі де өзекті. Себебі бұл жүйемен жұмыс істеу немесе бас тарту - жекеменшік орталықтардың өз еркінде.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу