Петропавл жылу электр орталығында тағы да апат болды.
Эльмира Кәленова, тілші:
Түнде облыс орталығы тұтастай жылусыз қалды. Апат салдарынан бірнеше қазандық істен шықты. Жылу орталығының баспасөз қызметі кәсіпорындағы 12 қазандықтың 2-і ғана жұмыс істеп тұрғанын растады. Бірақ ақаудың нақты неден пайда болғаны жайында ақпарат жоқ. Таңға таяу қаланың кей аудандарында аздап жылу пайда бола бастады. Балабақша, аурухана сынды тағы басқа әлеуметтік нысандардың жұмысы тоқтаған жоқ. Осымен қыс маусымы басталғалы кәсіпорында 5 рет апат тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада жылу орталығында алып мұржалардың бірі опырылып құлаған еді. Бір жұмысшы қаза тапты. Төтенше оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, орталықтың директоры мен бас инженері қамауға алынған болатын. Апаттың себеп салдары әлі анықталып жатыр.