Батыс Қазақстан облысында республикалық жол құрылысы мерзімінде аяқталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында республикалық жол құрылысы мерзімінде аяқталмаған

24.03.2022

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек бағытындағы республикалық жол құрылысы былтыр аяқталуы тиіс еді. Алайда, мерзімінде бітпеді. Енді құрылыс материалдарын жеткізуге вагон тапшылығы туындап отыр.

Казталов ауданына қарасты Тереңкөл ауылының тұсы. Тереңкөл десе, дегендей. Тіпті трактор да балшыққа белшеден батып, ауыр жүк көліктері қаңтарылып тұр.

Мұрат Мұхамбетқалиев, Жәнібек ауылының тұрғыны:

Жолмен жүре алмай, қанша халық қор боп жатырмыз. Ауру-сырқауымыз бар, Ертең еруде не болады? Қалай қатысады адам баласы?

Бөкей ордасында да осы күй. Күн күрт жылынып, жолдың екі бөлігін қарғын су шайып кетті. Қатынас үзілді. Үш жыл бойы салынып бітпеген жолға тапсырыс беруші мекеме – «ҚазАвтоЖол». Құрылыстың ұзаққа созылуының негізгі себебі – мердігерлердің салғырттығы, - дейді олар. Жолды бес мердігер алты учаскеге бөліп салып жатыр. Олардың өз уәжі бар.

Рустам Кембаев , мердігер:

2019 жылы құрылыс басталған мерзімде қаражат аз бөлінді. Сондықтан қиыршықтас дайындалып, жоспарлар жасалған жоқ.

Құрылысқа қиыршық тас - Ақтөбеден, битум Ақтаудан тасымалданады. Вагон да қат. Биыл 12 мың вагон құрылыс матриалы керек. Бұл күніне 30-40 вагон деген сөз.

Дүйсен Наурызғали, мердігер:

Қиыршықтас, ПГС дейміз, жалпы материал әкелу қиын. Қазақстаннан шыққанымен, Ресей аумағына кіріп, қайтадан Сайқынға келеді. Вагондардың жетіспеушілігі қиын болып отыр қазір.

Соңғы үш жылда 250 км жолдың тек 55 шақырымы салынды. Жоба келер жылдың соңында аяқталуы тиіс, бірақ бұған күмәнмен қарайтындар көп.

Азамат Мүсілов, сарапшы:

Материал қымбат болғаннан кейін, жол тоқтап қалуы мүмкін. Осы жолдың маңызды екенін басшылық сезінсе, бұл жолдың аяқталуына баға есебінде, вагон түрінде жағдай жасалуы керек. Сосын Бисен-Сайхында жолды су шайып кеткен кезде жолды тексеріп, бақылап жүрген әкім орынбасарын көрмедім.

Жол жобасы осыдан 4 жыл бұрын бекітілген. Одан бері құрылыс материалының бағасы бірнеше есе өсті. Сондықтан мердігерлер 10 пайыз өтемақы беруді сұрап отыр. Мәселе министрлікте қаралып жатыр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу