Елімізде жекенің қолына негізсіз өтіп кеткен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жекенің қолына негізсіз өтіп кеткен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылады

24.03.2022

Жекенің қолына негізсіз өтіп кеткен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылады. Атап айтқанда телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа да салалардағы маңызды обьектілердің мәселелері жуық арада қаралмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет алдына осындай міндет қойды. Ол үшін арнайы комиссия да құрылды.

«Мемлекеттің араласуын азайту керек», - деген желеумен өңірлердегі стратегиялық нысандар жекенің қолына өтіп кеткен. Мәселен жылу, жарық, сумен қамту сынды кәсіпорындар жаппай сатылды. Алайда бұл сауда қаншалықты әділ өтті. Тамыр-таныстықтың әсері болды ма? Енді бұл шаруаның ақ-қарасын жаңадан құрылған комиссия анықтайды. Сарапшылар стратегиялық нысандар ең әуелі халықтың пайдасына жұмыс істеуі керек, - дейді.

Аян Сакошев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Олар ең бірінші мемлекетке, халыққа тиімді жұмыс жасауы керек. Жеке бір адамдардың тобына емес, жеке кәсіпкерлердің мүддесіне емес осы халықтың мүддесіне жұмыс жасауы керек. Өйткені бұл обьектілер стратегиялық маңызды обьектілер деп ойлаймыз.

Былтыр «Алматы Қала Жарық» мекемесі тым арзанға сатылып кеткен. Әуелде 15 миллиард теңгеге бағаланып, кейіннен «ABM Group.com» компаниясы мекемені небәрі 5 млрдқа меншіктеп алған. Енді әкімдік бұл келісімді заңсыз деп танып, кәсіпорынды қайтарып алмақ.

Жантөре Айматов, Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары:

«Алматы қала жарықты» жекешелендіру стратегиялық мемлекеттік кәсіпорынның жоғалуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Алматы әкімдігі агенттігінің хабаламасы негізінде «Алматы жарық» компаниясын жекешелендіру туралы шешім қабылдауда».

Бұл бір ғана мысал. Саясаттанушы Самат Нұртазаның пікірінше прокуратура мен құзырлы мекемелер жақсылап іздесе, талай шикілік жария болады. Және тек еліміздегі ғана емес шетелдегі активтерді де мұқият зерделеген жөн. Бұл жағынан көрші Өзбекстанның жақсы тәжірибесі бар, - дейді ол.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

Өзбекстан мемлекеті кезіндегі Президент Гүлнәр Каримованың жылжымайтын мүліктерін қайтарып алды. Өз мемлекет меншігіне. Сол сияқты сыртқа заңсыз кеткен жылжымайтын мүліктер Қазақстанға қайтады деп ойлаймын.

Иә, бұл жұмысты қатаң әрі жедел жүргізу қажет. Дегенмен барлығы да заң аясында болуы шарт.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

Кезінде мысалға 1 теңгеге бір шахта сатылып кетті деген болды мысалға. 90 жылдардағы приватизация саясатында. Әрине оның барлығын қопара берсе онда нәтиже болады. Бірақ та бұл жерде шаш ал десе бас ал деуге де болмайды. Сондықтан да бұл жерде тек қана экономикаға пайдасы бар, заңды бұзбай жасаса менің ойымша нәтиже болады.

Үкімет жанынан құрылған жаңа комиссияның құрамына антикор, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» өкілдері кірді. Премьер-министр ұсыныстар әзірлеу үшін қаржы министрлігіне 1 апта уақыт берді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу