Украинадағы балалардың жартысынан астамы босқынға айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы балалардың жартысынан астамы босқынға айналған

24.03.2022

Ресей әскері Украина қалаларын бомбалауды жалғастырып жатыр. Ал, Украина әскері Киев маңындағы екі қаланы қайтарған. Ресей Изюм қаласын бақылауға алғанын хабарлады. Киев мұны растамай отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украинадағы балалардың жартысынан астамы босқынға айналған.

Ресей әскері украина қалаларын бомбалауды жалғастырып жатыр

Украинада қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Соңғы ақпаратқа сай, Украина армиясы Киев маңындағы екі қаланы босатып, Ресей әскерін Буча, Ирпин қалалары маңында қоршауға алуға жақын. Ал, оңтүстікте ресейлік күштер порттық қала Мариупольді қоршап, бомбалауды күшейткен. Соның салдарынан 100 мыңдай адам қаладан кете алмай жатыр. Тұрғындарға гуманитарлық көмекті жеткізу мүмкін болмай тұр. Бұған қоса, бүгін Ресейдің қорғаныс министрілігі 50 мың тұрғыны бар Изюм қаласын бақылауға алғанын хабарлады. Дегенмен Украина тарапы бұл ақпаратты растамай, шайқас жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ресей күштері Киев, Чернигов, Харковь қалаларын да бомбалап жатыр.

Ольга, жергілікті тұрғын:

Өміріміз түбегейлі өзгерді. 21 ғасырда мұндай үлкен трагедия болады деп ешкім елестете де алмас еді. Біз жеңетінімізге сенемін. Осының бәрі жақын арада аяқталады, бәрі жақсы болады.

Ал батыс барлаушыларының мәліметіне сүйенсек, Ресей әскерінің жауынгерлік рухы төмендегенге ұқсайды. Украинаға басып кіргелі бері бір ай ішінде ресейлік күштер елдің бірде бір ірі қаласын басып алмаған. НАТО-ның мәліметінше, Ресей осы уақыт ішінде қаза тапқандарды, із-түзсіз кеткендерді қосқанда, 30-40 мың адамнан айырылған. Ресей қорғаныс министрлігі 498 адамның мерт болғанын соңғы рет наурыздың 2-де айтқан еді. Украина тарапынан қанша жауынгер өлгені белгісіз. Бірақ, екі апта бұрын Президент Владимир Зеленский ел қарулы күштері қатарында 1300 қызметкердің жан тәсілім еткенін жариялады. Сонымен бірге Украина армиясының қару-жарақ және оқ-дәрі қоры таусылуға жақын. Атыс-жарылыс, бомбалаудан қаза тапқан бейбіт тұрғындардың нақты саны белгісіз.

Бет Ван Шаак, АҚШ-тың халықаралық әділет мәселелері бойынша арнайы өкілі:

Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да сенім тудыратын бақылаушылардың мәліметінше, Украинада жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан. Тіпті мыңдаған болуы мүмкін. Қазір Украина аумағында әскери қылмыстарға қатысты деректер жинастырылып жатыр. Бұл мәліметтер халықаралық ұйымдар мен өзге де мемлекеттерге тапсырылады.

БҰҰ-ның дерегінше, 3 млн 600 мың украиналық елін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 1 млн 800 мыңы балалар.


Хабарламаларға жазылу