Петропавлдағы апат кезінде жоғалған жұмысшы әлі табылған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы апат кезінде жоғалған жұмысшы әлі табылған жоқ

21.03.2022

Петропавлда жылу электр орталығының мұржасы құлады. Осыған байланысты бүгін таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен сөйлесті. Апат салдарын жою қалай жүріп жатқанын сұрады. Бірқатар мекемелер мен тұрғын үйлер жылусыз қалған. Қазір комиссия құрылып, оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Апат орнында бүкіл арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Президент облыс орталығы мен басқа да елдімекен тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазір жылу орталығының жұмысы қалпына келтіріліп жатыр. Апаттың салдарын жою үшін елордадан қосымша күш шақыртылды. Өскемен мен Павлодардан келген мамандар апаттың себебін анықтауға кірісті. Ал жоғалған жұмысшы әлі табылған жоқ.

Апат болған аймақ түгел қоршалған. Арнайы қызмет мекемелерінің мамандары құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер де күндіз-түні осы жерде.

Құтқарушылар кешелі бері үйіндінің арасынан машинист-обходчик іздестіріп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. 37 жастағы азамат жылу орталығының жұмыс істеген.

Құлаған мұржаның биіктігі - 150 метр, оның 40 метрі опырылып түскен. Зақым келген аумақ шамамен мың шаршы метрден асады. Жұмысшылар қирандыны техниканың күшінсіз өздері тазалауға мәжбүр.

Рамиль Камалов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

– Топ болып, 15 адамнан жұмыс істеп жатырмыз. Әрқайсы 1 сағат сайын ауыстырылады. Үйіндіні техниканың көмегімен тазалау мүмкін емес. Кейбір бағандарды кесіп алып тастауға тура келеді. Өйткені құлауы мүмкін.

Апат салдарынан жұмыс істеп тұрған 4 қазандықтың екеуі істен шықты. Таңға жақын оның бірі жөнделді. Қысым төмендегенімен, қалаға жылу берілу тоқтатылған жоқ. Кейбір шағын аудандарда ыстық су жоқ деген мәлімет бар.

Апаттың нақты себебін анықтау мақсатында көрші облыстардан мамандар шақыртылды. Құлаған мұржаны қалпына келтіруге бола мә, әлде жаңасын салу қажет пе әзірге белгісіз.

Орталық 1960 жылы салынған. Содан бері кешенді жөндеу жасалмаған.

Хабарламаларға жазылу