Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыстың ұлы күнін көппен бірге қарсы алу үшін Алматы қаласына барды.
Мемлекет басшысы орталық алаңда өткен мерекелік шараға қатысып, тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтады. Президент алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. «Жаңа жыл. Жаңа Қазақстан». Президент халықты іргелі істерді бірге атқаруға шақырып отыр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
– Тарихы 5 мың жылдан асатын Әз Наурыз тек қазақ үшін ғана емес, түркі дүниесіне қастерлі мейрам. Кеңестік дәуірде осы ұлық мерекеміз ұмыт бола жаздаған еді. Ал осыдан 34 жыл бұрын дәл осы алып шахарда зиялы қауымның бастамасымен мереке қайта түлеп, жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Жаңа жылды, жаңа күнді және ұлық мерекемізді ұлықтау үшін бүгін де алматылықтар алаңға жиылды.
Дүние жаңарып, жердегі тоң жібіп, тіршілік тамырына қан жүгірген әз Наурыз татулық пен бірліктің, молшылық пен берекенің бастауы. Жаңару, ынтымақтастық пен жылулық мерекесі жаңа мазмұнмен, жарасымды сән- салтанатымен түрлене түсуде. Ұлыстың ұлы күнінде мемлекет басшысының Алатау баурайына арнайы келуінің де символдық мән-мағынасы бардай. Президент сахнаға шығып сөз сөйлемес бұрын, қалың көпшіліктің арасымен жүріп, халықпен аман-саулық сұрасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әз Наурыз – береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматы қаласына арнайы келдім. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталған. Алматы – Қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы.
Алматылықтар үшін күнтізбелі жаңа жылдың бастауы оңай болған жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде қалың көпшілік есеңгіреп қалғаны рас. Енді өзіміздің төл жаңа жылымызда көпшілік тек игілік пен жақсылық болатынына зор сенім артады. Мемлекет басшысы да Алматыны дамыту ерекше назарында екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сын сағатта тұрғындар нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Біз ауызбіршіліктің арқасында мемлекетімізді сақтап қалдық. Мен шаһарды қалпына келтіру үшін құзырлы органдарға нақты тапсырмалар бердім. Алматыны өркендету және жергілікті жұрттың тұрмыс сапасын жақсарту менің айырықша назарымда. Қазір біздің алдымызда зор міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша атсалысады деп сенемін.
Ескіні есіркеп, жаңаны жарылқайтын халқымыз енді өткеннен өнеге алып, болашаққа ұмтылуы маңызды. Жаңа Қазақстанды құру дегеніміз тек мемлекет аппаратын жаңғырту емес, бүкіл қоғам, әрбір адам өзгеруі керек деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінгі алмағайып, құбылмалы заманда береке-бірлікті, тұрақтылықты сақтай білу өте маңызды. Алдымызда зор міндеттер тұр және ауқымды жұмыстар бар. Бір ел, бір халық болып Жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Құрметті жастар, бірге жұмыла еңбек етейік. Тұғыры мығым, бірлігі бекем еліміз жасай берсін.
Иә, жаңа Қазақстанға қадам басу үшін әрбір азамат өзгеруі керек деді президент.
Президент бүгінгі мерекелік күннің жаңа өзгерістерге бастауына, тұғыры мығым, бірлігі бекем еліміздің жасай беруіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінен кейін жиналған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.
Иә, ордалы отыз жыл ішінде еліміз аумалы-төкпелі кезеңді, соқтықпалы-соқпақты уақытты еңсерді. Ең бастысы – қазір ел рухы мығым, мерейі үстем. Қалың бұқараның болашаққа деген үміті көп, сенімі мол.
Асанәлі Әшімов, халық әртісі:
– Көк шөптер шығып, табиғат құлпырып ары қарай жақсы күндер болады. Табиғатта да жақсы күндер болады, елдің де жағдайы жақсы болады, құдай қаласа. Менің алдағы болжамым. Сондықтан қуаныштарың құтты болсын.
Алматы – еліміздің ең ірі шахары. Мәдени, рухани һәм экономикалық орталық. Еліміздегі ең іргелі бастамалар да осы қалада бастау алған.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
– Реформаларымыз бен келешектен күтеріміз осы әділдікпен жүзеге асса екен дейміз. Бұл бабалардың жолы. Бұл Абайдың ұсынып отқан жолы.
Қарагөз Сүлейменова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Қастерлі қаңтардан кейін болып жатқан дүниелер – бұл елдігіміз үшін, мемлекеттің мүддесінің қорғалуы, халықтың жағдайының жақсаруы үшін жасалып жатқан батыл қадамдар. Болашаққа деген үлкен сенім бар халықта.
Дәулет Тұрлыханов, Олимпиада жүлдегері:
– Жаңа Қазақстан, Жаңғыру, Жаңару. Осындай бағдарламамен өмірге біз келіп жатырмыз. Бүкіл Қазақстан халқына айтатыным – осындай бірлікте, бір адамдай болып Қазақстанды жаңарта берейік.
Мемлекет басшысының сөзінен кейін көпшіліктің рухы биіктей түскенін алаңдағы жұрт тұтас сезінгендей. Мерекелі күнде көпшіліктің көңіл-күйі де берекелі.
Жалпы Алматы шахарында наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіп жатыр. Қаланың барлық аудандарын қамтыған 80-нен аса шара ұйымдастырылмақ. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ән мен биге ұласып, наурыз көже пісіріледі.
Ш. Жамбылұлы, Ж. Қобдабай, Б. Қайырбекова