Жолдау-2022: Ендігі басты қағидат – өкілді билікті күшейту - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдау-2022: Ендігі басты қағидат – өкілді билікті күшейту

20.03.2022

Сонымен Президент Қ.Тоқаев Жолдау жасап, саяси реформалар пакетін ұсынды. Жинақтап «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп сипаттады. Алдымен негізгілерін баяндасақ, былай:

Парламент Мәжілісі депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша, облыс және республикалық маңызы бар қала мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау; Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутат сайланбайды, бірақ аталған институттан Парламентте өкілдер болады – Сенатта, алайда квота қысқарады – бес сенатор. Президент Сенатқа қазіргідей 15 емес, 10 депутатты тағайындайды; Мәжілістің рөлін күшейтіп, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау, не болмаса мақұлдамау құқығын қалдырады;

Конституциялық сот қайта ашылады; Қызмет өкілеті аяқталғанға дейін Мемлекет басшысы мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтатып, жергілікті әкімдер мен орынбасарларының саяси партия филиалында басшы қызмет атқаруына тыйым салынады; Президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру;

Есеп комитетінің орнына республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Жоғары аудиторлық палата құрылады; Саяси партияны тіркеу үшін оны қолдайтын адам санын қазіргі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылады, ал партия құру үшін бастамашыл топта кемінде 700 адам болса жеткілікті. Қазір 2 мың. Партияны тіркеуден өткізу, филиалдарды ашуға 6 ай керек болса, енді ол бір жылға дейін ұзартылмақ; Билікте отырған Президенттің жақын туыстарын мемлекеттік органдарғы саяси лауазымды қызметке және квазимемлекеттік салада басшы етіп тағайындауға тыйым салынбақ;

Облыс әкімдерін мәслихаттың жанама жолмен сайлауы. Яғни олардың талқысына қазіргідей бір емес, екі кандидатура ұсынылады. Жалпы, Конституцияға 30 өзгеріс енгізілмек;

Барлық билік атқарушы биліктің қолында болғанын білеміз, оның ішінде «суперпрезиденттік» билік. Президенттің ауыл әкімін қызметінен алуға дейін құқы бар, барлық дерлік шешімді жалғыз өзі қабылдайды. Қаңтар оқиғасына дейін бейнелеп айтқанда «отбасының», түрлі топтардың араласуын қосыңыз. Жақын туыстары мен жақын туыстай болып кеткен сарай маңындағылардың шексіз мүмкіндігі. Олардан тарайтын «семьялар». Қаңтар оқиғасының басты себебі «суперпрезиденттік» билік екенін де бәріміз білеміз. Бір жағынан ашынған, амалы қалмаған халық көшеге шықты. Екінші жағынан, Президенттің сөзіне қарағанда, уыстарынан құм сияқты сусып бара жатқан супер биліктен айырылғысы келмегендер наразылықты өз пайдасына жаратып, мемлекет төңкеріс жасамақшы болды.

Ал ендігі басты қағидат – өкілді билікті күшейту. Өкілді билік дегеніміз қысқа және қарапайым қайырсақ, қоғам мен мемлекет арасын жалғайтын көпір. Дәлірегі - халық пен биліктің. Иә, атқарушы билікті тек өкілді билік арқылы жасақтайтын жүйелер бар. Сайлауда жеңіп шыққан партия немесе партиялар коалициясының билік қылуы. Біздегі мемлекеттік құрылым басқаша. Сол басқа құрылымның өзінде сайлаушылар тобыр, адам мемлекеттің заты сияқты еді... Рас, Конституцияда «Биліктің қайнар көзі – халық» деген. Алайда ащы күлкі туғызатын.

Атқарушы билікті қадағалайтын, есеп сұрайтын, әр түрлі әлеуметтің сан қырлы мәселесі тасада қалмайтын жүйе құрамыз деп отыр.

Екінші жағынан, қазіргі халықаралық ахуал Президенттің сөзімен келтірсек, қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Одан да нашар. Цитата: Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар. Демек ешнәрсеге қарамай, өзгеруге тиіспіз, өзгереміз деген мұраттан айнымау таңдалып отыр. Себебі мына жағдайда стратегиялық тұрғыдан өте маңызды қадам – өзгеру. Саяси жаңғыру болмаса, орнықты даму да, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау да мүмкін емес. Бұл пайым әйтеуір күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды-ау. Бірінші сюжетті Оңғар Алпысбайұлы дайындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.

Әңгімені Парламенттегі өзгерістерден бастайық

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Сенатқа Президент тағайындайтын 15 депутаттың санын 10-ға дейін қысқару туралы шешім қабылдадым. Ал оның бесеуі бұрынғыдай Ассамблеяның сайлауымен емес, ұсынысымен тағайындалады. Төменгі палата болса, жасанды артықшылықтан арылып, бүкіл сайлаушылардың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс.

Ассамблея өкілдерінің Мәжілістен шығарылып, Сенатқа өтетіні және олардың санының қысқаратыны толеранттықтың таусылғанын көрсетпейді.Түрлі ұлттың аманатын арқалайтын азаматтардың жауапкершілігін еселей түссе керек.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

9 депутаттың ішінен бесеуі ғана Сенатқа келеді. Осы 5 депутаттың өзі үлкен жауапкершілікте болады. Яғни 5 адам бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Әр аймақты аралап, өңірдің адамдарымен, тұрғындарымен ақылдасып, этносаралық қарым-қатынастардың нығаюына үлкен бір үлес қосуы керек деп ойлаймын.

Қазір қоғамда екі палаталы Парламенттің қажеті қанша деген әңгіменің бары рас. Халық саны қазақ елінен аз елдерде де екі палаталы Парламенттердің барын айтқан Президент бұл сенімсіздікке қатысты жүйенің реформаланатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналуы тиіс. Бұл құзырет те реформалауды талап етеді. Сонымен бірге Ата заңға сай Сенат Мәжіліс бекіткен заңды қабылдаймыз ба, жоқ па деген құқыққа ие. Яғни, Мәжілістің Жоғарғы палатаға қарсылық танытатын құзыры жоқ. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау үшін бұл тәжірибені қайта қарау керек.

Сондықтан бұдан былай Мәжілістен келген заңды мақұлдайды немесе мақұлдамайды. Мақұлдамаса, келісім комиссиясы құрылатын болар.

Төменгі палата деп атайтын Мәжіліске де байланысты өзгерістер болады. 2007 жылдан бері мұндағы 107 депутаттың 98-і партиялық тізіммен бекітіледі. Қалған 9-н Ассамблея сайлайтын. Енді жаңа айтқандай Мәжілісте Ассамблея мүшелері болмайды. Ал 70 пайызы яғни 75-і партиялық тізім бойынша бекітілсе, өзгесін халық тікелей сайлап алады.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өзін-өзі басқару институты соңғы кездері түсіп қалды сайлау жүйесінен. Яғни, нағыз белсенді азаматтар не партияға баруы керек, не сайлауға қатыспайды. Ал ондай азаматтар бізде өте көп. Нағыз халықтың арасында пісіп шыққан белсенді азаматтардың ашық сайлауда Парламентке келіп, ел билігін жүргізуге мүмкіндіктері болатын болды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көбінесе халық айтып жатады ғой біз кімді сайлап жатқанымызды білмейміз, партияға дауыс береміз біздің өзіміздің жеке тұлғаларға даусымызды бергіміз келеді деген көптеген уәждер айтылған. Былайша айтқанда Мәжілістің ішінде бәсекелестік болады. Партиялық бәсекелестіктен басқа жеке тұлғалардың да келіп, әр өңірден өздерінің өңірлерінің мүдделерін мәжілісте көтере алатын мүмкіндіктер туады.

Тағы бір маңызды өзгеріс - мемлекеттің шенді қызметкері қандай да бір партияның орталық ұйымын да, өңірлік филиалын да басқара алмайды. Яғни, саяси ұйымдардың мүмкіндіктері теңесуі керек. Екіншіден, тіркеудің тәртібі едәуір жеңілдетілгендіктен саясат алаңына жаңа партиялар көптеп шығуы мүмкін. Ал бізде биліктің араласуымен бір партияның монополиясы орнағаны белгілі. Барлық дерлік әкімдер мен министрлер және Президенттің өзі жақында «Аманат» деп атауын өзгерткен «Нұр Отанның» мүшесі ғана емес, жетекшілері еді. Дегенмен былтыр күзде Қ.Тоқаев өзін сол партияның төрағасы етіп сайлағанда-ақ «Президенттің партияға мүше болуын заңмен шектеу керек» деп айтқан. Және көп болмайтынын меңзеген.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өкінішке орай біз көрдік осы 30 жылдың ішінде саясатта болсын, экономикада болсын монополиялар күшейді. Енді саяси-экономикалық кадрлық монополияларға жол кесіледі. Ол өте маңызды шешім.

Ал, сайлау сияқты аса маңызды саяси науқанды әділетті өткізбесе болмайды. Сонда ғана өзін еститініне халық сенеді. Сонда ғана халық үніне құлақ асатын өкімет дегеннің өтірік еместігі дәлелденеді. Екінші жағынан, жеңіп шыққан партияның басым бағытта көтерген мәселесіне қарап, аймақ тұрғындарын бірінші кезекте не толғандыратын дөп басуға болады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы, көріп отырса осыншама аймақта Ауыл партиясы жеңіп шықты дейік. Яғни бұл аймақтар үшін аграрлық мәселе керек екен. Алдағы жылдары бюджетті жоспарлаған кезде осыған басымдық берейік. Басқа партияларға да жақсы мүмкіндік. Себебі партия ұтылып жатса міндетті түрде ой қорытады. Біз неден ұтылдық? Ауыл мәселесін аз көтерген екенбіз.

Өкілді билік тек Парламентпен шектелмейді. Өңір-өңірлердегі мәслихаттардың да рөлін арттыру міндеті қойылды. Оларды да аралас сайлау арқылы сайлайды. Мәслихат төрағасы деген тұрақты қызмет пайда болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын.

Яғни бұдан былай облыстық мәслихат депутаттарының келісімін алу үшін облыс әкімі қызметіне кандидат ұсынғанда Президент екі адамның аты-жөнін атайды. Бір ғана үміткер ұсынылатын бұрынғы ереже таңдау құқығы жоқ формальді рәсім еді.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді әкімдерді жанама түрде әкімдердің тағайындалуына рөлі күшейеді. Бұрыннан біз білеміз әкімдіктер мәслихаттарды өздерінің ыңғайларына сайлап, өздерінің ыңғайларына реттеген. Енді былай қарасаңыздар мәслихаттардың да үні шыға бастады. Маңыздылығы шығып жатыр.

Бүгінгі жағдай бойынша облыс әкімі деген өңірде шексіз билік жүргізетін жалғыз функционер. Ал мәслихаттардың рөлі артса, әкімдер санасатын билік тармағына айналып, таразы басы теңесуге жақындайды.

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:

Жаңа форма түрінде мәслихат төрағасы деген жаңа лауазым пайда болды. Бұл дегеніміз ендігі уақытта мәслихат деген бюджетті бекітеді ғой. Бұл әкімге тепе-теңдік тежегіш жасайтын жаңа тұлға. Мәслихаттың қазіргі жұмысы мен ендігі басталатын заңдық өзгерістерден кейін болатын енді әкім мәслихатпен, мәслихат төрағасымен келісіп отырып іс-әрекет жасайтын болды.

Сонымен барлық санаттағы депутаттарға қатысты өзгерістер келесідей.

Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың 70 пайызы прапорционалды, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен сайланады. Ал облыс орталықтары мен республикалық дәрежедегі қалаларда мәслихат депутаттарының тең жартысын халық өзі сайлайды. Шағын қала, аудан-ауылдар үшін 100 пайыз мажоритарлық жүйе енгізіледі.

Индира Рыстина, ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы:

Бізде 6 саяси институт сайланбалы формада сайланады. Оның 4-еуі Жолдау нәтижесінде өзгеріске ұшырады. Аудандық және қалалық деңгейдегі мәслихаттар, облыстық мәслихаттар, Мәжіліс және Сенаттың қалыптасуы да өзгерді. Сонымен қатар, жанама форматта сайлау енгізілетін болады. Ол облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің тағайындалуы өзгеріп, енді президент екі альтернативті кандидатты облыстық мәслихатқа кіргізеді де мәслихаттың шешімімен екуінің біреуі әкім болады. Яғни тағы бір жетінші жанама сайлау түрі енгізіліп жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ал, сайлау кезінде орындалмайтын уәде беріп, сайланған соң тілі байланатын депутаттар енді болмауы тиіс. Олар үшін императивті мандат деген қауіп бар. Сайлаушылар сөзінде тұрмаған депутаттардың мандатын кері қайтарып ала алады. Демек халықтың саяси белсенділігі артады. Негізі халықтың қазір онсыз да көзі ашық. Батыл. Жолдауда айтылған өзгерістер заңмен бекітілген соң мемлекетіміздің бүгіні мен болашағына шын алаңдайтындар бейнелеп айтқанда «шаршы кілемге» шығады. Шаршы кілемдегілердің барлығының әрекеті таза бәсекеге құруылуы керек. Бұл жерге Президенттің мына сөздері дәл келеді. Халықтың көкейіндегі де сол сөз:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады. Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу