Орталыққа шоғырланған бірқатар құзіреттерді өңірлерге беру жергілікті өзін-өзін басқару ісінің әлеуетін арттырады. Ең бастысы аймақтағы проблемалардың жылдам шешілуіне және халықтың тұрмысын жақсартуға әсер етеді.
Бүгінгі таңда мәслихаттар қосарланған құзыретке ие. Олар мемлекеттік басқару ісіне де, жергілікті өзін- өзі басқаруға да араласып жүр. Ендігі жерде мәслихаттың міндеттері айқын болуы шарт,-деді Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Ол үшін аймақтарды қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бүгінде ауыл округтері жоғарыдағы әкімдерге бағынышты және биліктің көңіліне қарай там-тұмдаған қаржыға ғана қол жеткізіп келеді. Оны болдырмау үшін халықаралық тәжірибелерді пайдаланып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржылдандыруды енгізу тиімді болмақ.
Орталықтандырылған басқару жүйесінен бас тарту, билік құзыретін аймақтарға бөлу - азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Мәслихат депутаттарына енді әкімнің ықпалы азаяды. Бюджет қаржысын бөлу ашық айқын жүргізіледі. Бұл аймақтардың тең дамуына жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.
Арман Әлиев, қала тұрғыны:
Қарапайым мысал, жанұядағы мәселесін шеше алмай әкеңе немесе атаңа жалтақтап отырған секілді жергілікті аймақтағы басшылар жоғарыға жалтақтамай өздері шешім қабылдауы халыққа тиімді. Себебі халықтың сұранысын, өтінішін тез шешуге ықпалын тигізеді.
Саяси жаңғырту ісінде мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың ең ықпалды буыны болуы керек. Ол үшін мәслихатқа мол мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана олар кез-келген іске ықпал етіп және оған жауапты да болады.
Динара Байғұт, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы:
Бұл жерде бәсекелестік пайда болады. Қағазбастылық барлығы артта қалуы керек. Дәл қазіргі кезде көзбен көріп, қолымен ұстайтындай жұмыстар жасалуға осы шешімдер ықпал етеді.
Президент атап өткен тағы бір маңызды өзгеріс сатып алу ісін оңтайландыру. Сондай-ақ, бюрократия мен көзбояушылықты жою да қоғамды ізгілендіріп, алға жетелейді. Президент Үкіметке бұл жұмыстарды биылғы жылдың ортасына дейін аяқтауды тапсырды.
Ғани Қалмаханов