Асхат Оралов,«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы: Біздің енді бағытымыз айқын, мақсатымыз бір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асхат Оралов,«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы: Біздің енді бағытымыз айқын, мақсатымыз бір

19.03.2022

«Жаңа сын-қатерлер жағдайында бәріміз бірігіп, Тәуелсіздігімізді қорғау, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу - басты парыз». Осылай деген «Amanat» партиясының мүшелері Президент Жолдауында айтылған саяси реформаларды қолдау мақсатында бейбіт шеру ұйымдастырды. Алматыда өткен шараға партия және қоғам белсенділері, Мәжіліс депутаттары, түрлі сала өкілдері мен ел ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтар қатысты.

Акапелла түрінде, музыкасыз жанды дауыспен орындалған әнұран. Шараның осылай ерекше салтанатпен басталуы жиналғандарға ерекше рух беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Партиялар дискуссия мен бәсекелестікке дайын болып, түрлі алаңдарда өзін көрсетуі керек. Ең бастысы - халық сенімі. Бейбіт шерудің мақсаты да осы. Сондықтан жиын ескі классикалық форматта емес, жаңаша бағытта өтті.

Асхат Оралов, «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы:

Біздің енді бағытымыз айқын, мақсатымыз бір. Президент нақты тапсырмалар берді. Біз көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін аянбай еңбек етіміз. Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос. Сондықтан күшіміз бірлікте екенін көрсетіп жаңа Қазақстанды бірге құрайық.

Жиынға қатысқан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин жаңа саяси реформалардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың бірден-бір жолы - ынтымақ пен ауызбіршілік.

Максим Рожин, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті:

Мен Қазақстанда туған азаматпын, сіздермен бірге осы жермен өз болашағымды байланыстырамын. Сондықтан еліміздің болашағы үшін, ұлттық құндылықтары мен ділі, тілін сақтау үшін барымызды саламыз. Күшіміз бірлікте ағайын.

«Amanat» партиясының республика бойынша 800 мыңға жуық мүшесі бар. Оның 60 мыңы - Алматыда. Бүгінде партияның күн сайын толығуы, әсіресе, жастардың көптеп келуі трансформацияның іс жүзінде жүріп жатқанын айқындайды.

Мейіржан Отыншиев, «Аmanat» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

Халық сөзіне берік, уәдесін нақты істей алатын партияны қолдайды. Сол себепті мен «Amanat» партиясының нағыз халық партиясы деп білемін. Сол үшін бүкіл халықты мемлекет басшысының реормаларын іске асыруға шақырамын.

Мұндай форматтағы шаралар алда өзге өңірлерде де жалғасады. Осылайша халықпен кері байланысты жақсарту көзделген. «Amanat» партиясының өкілдері Президент тапсырған саяси реформалар тұрғындармен бірлесе отырып, жүзеге асырылса, нәтижелі боларына сенімді.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу