Украина Президенті Владимир Зеленский ресейлік әріптесі Владимир Путинді тікелей келіссөздер жүргізуге шақырды. Киевте сөйлеген сөзінде ол "кездесетін, сөйлесетін уақыт жетті. Менің үнім барлығына, әсіресе, Мәскеуге жеткенін қалаймын деді. Тағы бір сөзінде "Украина үшін аумақтық тұтастық пен әділеттілікті қалпына келтіретін заман туғанын" ескертіп, Ресей әскерін Мариупольге жүк кіргізбей, әдейі гуманитарлық апат ұйымдастырды деп айыптады. «Би-би-си»-дің хабарлауынша, Мариупольдің орталығында атыс басталған. Қаладан жұма күні 5 мыңдай адам қашты. Шабуылдар мен бомбалау өзге облыстар мен қалаларда да жалғасып жатыр.
БҰҰ: 10 миллиондай украиналық үйлерін тастап кетті
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының жуырдағы есебіне сәйкес, Украина азаматтарының төрттен біріне жуығы үйлерін тастап кетті. Олардың алты жарым миллиондайы ел ішінде босып жүрсе, үш миллионнан астамы басқа мемлекеттерге кеткен. Осылайша, украиналық босқындардың саны қазір шамамен 10 миллионға жақындап қалды.
Арыстанбек Рысбек