Әлихан Смайылов: 3 облысты құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: 3 облысты құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталуы тиіс

18.03.2022

Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында Президент ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру тетіктері мен дағдарысқа қарсы шаралар пысықталды.

Саяси реформалар - мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі

Саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын табанды жүзеге асыруға жауаптымыз. Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деді. Енді тиісті заң жобаларын дайындап, талқылауға жедел кірісу қажет. Жақында Министрлер кабинеті Жолдауды іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар жобасын Президенттің қарауына ұсынады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымының айқын көрінісі. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік аппараттың бюрократияға салынбай осындай күрделі кезеңде жауапкершілік ала отырып, тиісті шешімдерді уақытылы қабыладуға ерекше назар аударды.
Жаңа облыстарды құру бойынша жұмыстар маусымда аяқталуы тиіс

Жаңадан құрылатын 3 облысқа қатысты аумақтық бөлу мәселесі шешіліп жатыр. Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулыларын әзірлеу және оларды қабылдау маусым айына жоспарланып отыр. Демек, әлі 2 айдан астам уақыт бар. Жаңа облыстардың шекаралары Президент Жарлығымен бекітіледі. Қажет қаражат есептеліп жатыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бізде қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің көлеміне сыйғызуға тырысамыз. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады, штаттар саны бекітіледі. Мемлекет басшысының бастамасы болғандықтан, қажет болса республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлінеді.
Қабылданған шаралар бағаның өсуін тежеуге оң ықпал етуі тиіс

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауға басымдық беріп отыр. Тұрақтандыру қорларын қоса есептегенде оларды сатып алу үшін қаражат көлемі 140 млрд теңгеге жеткізіледі.

Ерлан Баттақов, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі:

Елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар. Бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Бұдан басқа, бағаның негізсіз өсуіне, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар дүкендердің сауда үстемесін сақтау бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді.
Күрделі кезеңде елде азық-түлік қауіпсіздігі де бірінші орында. Мемлекет басшысы егіс науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондықтан, шаруаларды тұқыммен, тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен, техникамен және сумен қамтамасыз ету күнделікті бақылауда болады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Сондай-ақ, тұрақтандыру қорларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін форвардтық келісімшарттарды уақытылы бекіту бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді тапсырамын. Барлық қабылданған шаралар бағаның өсуін тежеуге оң ықпал етуі тиіс. Халқымыз бізден осыны күтіп отыр.
Жиында дағдарысқа қарсы қолға алынатын шаралар да пысықталды. Кешенді жоспар 25 наурызға дейін дайын болуы тиіс. Ол экономиканы қолдап, инфляцияны бақылауды күшейтуге, валюта нарығын тұрақтандырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.

Үкімет журналистермен тығыз байланыста болуы қажет

Дарын Сағитов, тілші:

Премьер Үкімет мүшелеріне журналистермен тығыз байланыс орнатуды тапсырды. Ашық жұмыс қана қоғамның сенімін қалыптастырады. Президент «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарауды тапсырған. Үкімет басшысы бұл құжатты журналистермен және сарапшылармен бірге талқылай отырып, қабылдаумыз қажет, - деді.
Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу