Еуропалық сарапшылар жолдауға жоғары баға беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық сарапшылар жолдауға жоғары баға беруде

17.03.2022

«Президент Қ.Тоқаевтың жаңа Жолдауы - қазақ қоғамын демократияландыруға бағытталған маңызды бастамалар топтамасы». Еуропалық сарапшылар Мемлекет басшысының Жолдауына жоғары баға берді. Бельгиядағы Дипломатиялық әлем институты сарапшысының пайымынша, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту арқылы - Қазақстан халық үніне құлақ асатын құқықтық мемлекет тұжырымдамасын сәтті жүзеге асырады. Және бұл - қазақ елінің экономикалық, саяси, рухани тұтастығын бекіте түсетін маңызды құжат», - дейді Альберто Тюркстра.

Альберто Тюркстра, Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы:

Президент Тоқаев Жолдауында Президенттің туған-туыстары, достарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және басшылық лауазымдарды иеленуге тыйым салынатынын айтты. Бұл тың өзгеріс. Сондай-ақ, Президенттің өкілеттілігі Парламентке өтетіні, Параламенттің рөлі күшейетіні Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған құбылыс. Президент БАҚ еркін болуы тиіс, - деді. Бұл билік пен бұқара арасындағы байланыстың артуына септігін тигізеді. Конституциялық соттың құрылуы, Конституцияға өзгерістер енгізілетіні Жаңа Қазақстанды құрудың сәтті бастамалары.

Конституциялық реформалар дамуға жетелейді

Қазақ Президентінің Жолдауы әлем үшін маңызды месседж. Әсіресе, шетелдік бизнес өкілдерін қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстандағы реформалардың қай бағытта дамитыны қызықтырады. Қазақстанның «суперпрезиденттік» үлгіден мықты Парламенті бар Президенттік Республикаға көшу идеясы батыл қадам. Президенттің бірақатар өкілеттіктен бас тартуы демократияға нақты қадам жасағаны, - дейді консул Алан Спенс.

Алан Спенс, Қазақстанның солтүстік Англиядағы құрметті консулы:

Менің осында пікірлескен ағылшын әріптестерім реформалар бағдарламасының жедел қолға алынатынын құптайтындықтарын айтып жатыр. Көптеген шетелдік инвесторлар, бизнесмендер және банкирлер соңғы оқиғалардан кейін қорқыныш сезімін білдіргендері белгілі. Енді олардың қауіптері сейіліп, әріптестіктерін одан әрі дамытуға әзір деп ойлаймын.

 Саяси реформалар ауқымды өзгерістерге жол ашады

Әлемдегі саяси-экономикалық жағдай ауытқып тұрған бүгінгі таңда елді дұрыс бағытқа салу маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған саяси реформалар дер кезінде қолға алынған сәтті бастамалар. Бұл түркиялық саяси сарапшы, тәжірибелі журналист Кемал Саллының пікірі.

Кемал Саллы, саяси сарапшы, журналист:

Осындай қиын кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылдам шешім қабылдап, Қазақстанның бірлігі мен бейбітшілігін сақтап қала алды. Кешегі жолдауында айтылған, көптеген халық аузында жүрген мәселелердің оң шешілуі елдің болашағына бағытталған батыл қадам. Сондай-ақ, Президенттің еш партияға мүше болмауы, Парламент рөлінің нығайтылуы және партияларды тіркеуге қатысты саяси реформалары демократиялық дамуға жол ашатыны сөзсіз.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу