Сарапшылар: Жолдау Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Жолдау Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап берді

17.03.2022

Жолдау жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайды. Сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған барлық бастамалар мемлекеттік институттар жүйесін түрлендіруге, азаматтық белсенділікті арттыруға, елде жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Жан-жақты зерделеніп, сарапталған жолдауды сапалы жүзеге асыру - ендігі басты міндет.

Таныс-тамыр арқылы жұмысқа тұру, жүзге бөлініп, ру сұрау құрдымға кетіретін жол, - деді Президент. Өйткені бұл шағын топтың шалқып өміруіне жол ашады, өзгелері өлместің күнін кешеді. Кез-келген жерде мұндай монополия болмауы керек. Сарапшылардың айтуынша, «ойын тәртібін» өзгерту үшін мемлекет басшысы өзінен бастады. Яғни Президенттің туған туыстарын лауазымды қызметтерге тағайындамау туралы шешімі - үлкен істің бастауы. Саяси жүйені жаңғырту үшін Президент өз өкілеттігін азайтып, Парламенттің құзыретін кеңейтеміз, - деді. Партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру үшін «Аманаттың» төрағалығынан кетті. "Партиялық жүйенің өзгеруі — көзқарас еркіндігіне жол ашады" дейді, - сарапшылар.

Индира Рыстина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:

Партияны тіркеуден өткізу, филиалдарды ашу мерзімдері екі есеге ұзарды. Бұрын филиалды ашу үшін 6 ай керек болса, енді ол бір жылға дейін ұзартылды. Бұның барлығы партиялар арасындағы белсенділікті, бәсекелестікті көтеруге халық үшін жасалып жатқан жағдай. Ендігі кезек азаматтық қоғамда, белсенділерде және қоғамның енжарлық танытпауында.

Депутаттыққа үміткерлердің 30 пайызы өзін өзі ұсына алады деген бастама да маңызды қадам. Әрі олардың қандай да бір партияда болуы міндетті емес. Зиялы қауым өкілдері де парламент немесе мәслихат құрамында елге танымал, қолынан іс келетін азаматтардың болуы халықтың заң шығарушы органға деген сенімін нығайтады.

Бауыржан Жақып, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Әділеттіліктің бастауы сайлауда. Сайлау қалай әділ өтсе соған байланысты Парламент те жұмыс істейді. Облыстарда, аудандарда болатын мәслихаттардың сайлау жүйесін мүлдем өзгерту, жаңа қалыпқа келтіру. Бұл сайлау жүйесіндегі үлкен жаңалық.

Жолдауда айтылған тағы бір бастама облыс пен республикалық қалалардың әкімін тағайындауға қатысты. Енді аймақ басшысы болуға кем дегенде екі кандидат ұсынылып, кімнің әкім болатынын мәслихат таңдайды. Бұл депутаттардың мәртебесін арттырып, аймақтың дамуына жол ашады.

Гүлмира Қапенова, Облыстық мәслихат депутаты:

Неге адамдар түйткілдер туындағанда жергілікті басшылар жедел шешім қабылдауға қауқарсыз деп наразылық білдіреді? Себебі шынымен де аймақ әкімі орталыққа толық тәуелді. Сол жоғары жақтың пікіріне құлақ асады, шешімін күтеді. Сондықтан жанама сайлау әкімдердің орталыққа тәуелділігін азайтып, жергілікті қоғаммен байланысын нығайтады деп ойлаймын.

Жалпы Президент Жолдауы халықтың санасына жаңа серпіліс береді, - дейді сарапшылар. Өйткені халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басты,оларды шешудің тиімді жолдарын көрсетіп берді. Үш облыс пен Ұлттық құрылтай және Конституциялық сот құру туралы ұсынысы көпті елең еткізді.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Біз енді заңды өзіміз өзгерте алатын болдық. Тікелей сотқа беру арқылы. Келіспеймін мен мына заңмен деп айта алатын болдық. Бұрын айта алмайтын едік.

Қысқасы, Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған барлық бастамалар мемлекеттік институттар жүйесін түрлендіруге, азаматтық белсенділікті арттыруға, елде жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Ендігі оны сапалы жүзеге асыру - басты міндет. Жолдауды іске асыру шараларын Үкімет ертең жария етпек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу