Президент үш жыл ішінде саяси реформалардың 5-ші пакетін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент үш жыл ішінде саяси реформалардың 5-ші пакетін жариялады

17.03.2022

Барлық адамға тең мүмкіндік беріледі. Елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғам қалыптасады. Қазақстандағы саяси реформалардың негізгі мақсаты осы. Сарапшылар енді үлкен өзгерістер басталады деп отыр.

3 жыл ішінде елде саяси реформалардың 4 жиынтығы жүзеге асты. Кешегі Жолдау Президенттің 5-ші саяси пакеті.

Реформаның 1-пакетін Тоқаев 2019 жылы жариялады. Онда бейбіт шерулерге рұқсат берілді. Саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергісін кемітіп, сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізуді тапсырды.

2-пакет арқылы жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы қабылданды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік туды. Мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған заң әзірленді. Адам құқықтарын қорғаудың жаңа шаралары қабылданды.

Ал үшінші пакет саяси партиялардың Мәжіліске кіру шегін 7-ден 5% дейін төмендетті. Сайлауда «барлығына қарсы» деген баған енгізді. Жастарды дамыту, қайырымдылық қызметті ынталандыру, омбудсмен туралы заң қабылдау, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынды.

4-ші пакет арқылы квота нормасы заңнамалық тұрғыда бекіді. Құқық қорғаушылардың құқықтарын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданды. Ал 5-ші пакет алдыңғы реформалардың заңды жалғасы.

Қазбек Майгелдинов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының директоры:

Енді бүгінгі таңдағы жаңа Жолдауда сол реформалаудың жалғасы. Ол жаңадан пайда болған нәрсе емес. Бұл Президент көтерген саяси реформалардың 5 пакеті деп қабылдап айтуға болады.

Сарапшылар саяси қадамдар мұнымен бітпейді деп отыр.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

Әрі қарай саяси реформа жалғасады. Өйткені біз білеміз 24 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлаймыз. Ол да реформа. Қазір аудан әкімдерін тағайындайды 24-ке дейін. 24-тен бастап біз оларды сайлай бастаймыз. Ол тағы да бір өзгеріс болады.

Алдағы жарты жылдың ішінде көптеген заң қабылданады. Конституция өзгереді. Сол арқылы елде үлкен өзгерістер басталады деп болжайды саяси сарапшылар.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу