Павлодар облысының дихандары майлы дақылдарды экспортқа жібере алмай отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігі ақпан айында 23 тонна, наурызға 15 тонна күнбағыс дәнін шетелге шығаруға квота берген. Бұл өнімді вагондап емес, қаптап, ат арбаға тиеп жіберумен пара-пар, - дейді шаруалар. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясы сыйымдылығы 50, 70 тонналық вагондар толмаса жүкті қабылдамайды.
Светлана Агиенко былтырғы жылы күнбағыстан мол өнім алды. Қазірдің өзінде 650 тонна дақыл қоймада жатыр. Шіріп кетіп, есіл еңбек еш бола ма деп қамығады.
Светлана Агиенко, шаруа қожалығының басшысы:
Маған кемінде 50 не 70 тоннаға квота беру керек. Бұлар 25 тонна деп белгілепті. Сонда министрліктегілер темір жол вагондарының сыйымдылығынан хабарсыз ба? Бізге техниканы дайындап, топырақ аударуды бастау керек. Мына жатқан өнімнен түскен ақшаны соған жаратуымыз керек.
Қазақстанда майлы дақылдар экспортына осы жылдың ақпан айына дейін шекті квота қойылған болатын. Жақында шілденің 1-не дейін ұзартылды. Қалқаман элеваторында қазір 6 мың тонна күнбағыс дақылы жатыр. Бұл «Ертіс-Агро» кооперативіне мүше 32 шаруашылықтың өнімі. Бірер күннен соң қар кетіп, топырақ аудару жұмыстары басталады. Өнімді тиімді бағамен шетелге өткізуді жоспарлаған дихандар енді не амал қыларын білмейді.
Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:
Біз республикадағы жалғыз кооператив. Біздің ойымыз бойынша министрлікке біздің жабылғанымыз жақсы болады. Неге десеңіз біз ұжым болып мәселені, сұрақтарды қойып отырмыз. Біз болмасақ ешкім көтермейді.
Салаға жауапты министрліктің мәліметіне қарағанда наурыз айында Қазақстан бойынша 5 мың тонна ғана майлы дақыл сыртқа саудалануы тиіс. Бұл белгіленген квота. Сондықтан шаруаларға белгіленген мөлшерден артық өнім экспорттауға мүмкіндік жоқ.
Назгүл Жылқыбаева, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің бас сарапшысы:
Өтінім берушілердің арасында вагондық нормадан да төмен, яғни, 50-70 тоннадан да төмен көлемге экспорттауға өтініш берушілер де кездеседі. Бұл қағидаларға жаңағы вагондық норманы қосатын болсақ, онда аз көлемде экспорттық көлемге өтініш берушілер тізіміне қосыла алмай қалады.
Анығы ел бойынша 263 шаруашылық осы айда экспортқа майлы дақыл жібере алады. 5 мың тоннаны оларға теңдей бөле салу шешімі жоқ тірлік, - дейді диқандар. Алайда, Президенттің жолдауынан кейін жағдай өзгерер деген үміт пайда болды. Мемлекет басшысы агроөндірістік кешенге мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін фермерлер қауымдастығын қатыстырып қайта қарауды тапсырды. Сондықтан, шаруалар шағымдарын министрлікке жолдамақ.
Болат Аманбаев