Елге оралсақ. Мұнай өнімдерінің бағасын мемлекеттік бақылауға алу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы бүгін осындай ұсыныс жасады. Монополияны жою жайы Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Серік Жұманғариннің айтуынша ішкі нарыққа бөлінетін жанар-жағармай құнын реттеу, мұнай өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, агенттік төрағасы жеке компаниялар өндіретін мұнайды биржада сатуды және осы электронды алаңда жанармай саудасын арттыруды ұсынып отыр. Бұл шағын компаниялардың дамуына жол ашып, бәсекелстік туғызады. Әзірге нарықтағы жағдай толық реттелмей тұр. Монополистер мен алыпсатарлар бағаны қолдан көтеруге әуес, - дейді ол.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында газ сақтау парктері жекенің қолына берілген. Олар монополия құрып, көгілдір отын бағасын қолдан көтерген. Қазір ол зауыттарға қатысты тергеу жүргізілді. Атыраудағы сақтау паркіне 1 миллиард 300 миллион теңге айыппұл салынды. Павлодарға қатысты әзірге шешім жоқ.
Сондай-ақ, агенттік төрағасы қантқа қатысты мәселеге тоқталды. Айтуынша ешқандай тапшылық жоқ. Адамдар жетіспеушілік пен қымбатшылыққа қатысты мәселені өздері ушықтырып жүр, - дейді Жұманғарин. Соның кесірінен сатушылар бағаның көтерілгенін күтіп, тапшылықты қолдан жасаған. Жұманғарин олардың бәрі жазаланады, - деді. Яғни осындай әдіс арқылы тапқан пайдалары бюджетке айыппұл, монополиялық кірістер түрінде қайтарылады, - деді ол.
Досжан Маратұлы