Мариупольде бейбіт тұрғындар пана тапқан театрға авиациялық соққы берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мариупольде бейбіт тұрғындар пана тапқан театрға авиациялық соққы берілді

17.03.2022

Украинада әскери шиелініс жалғасып жатыр. Соңғы деректерге сай, Мариуполь қаласында бейбіт тұрғындар бас сауғалаған театрға әуеден соққы берілді. Украина бұған ресейлік сарбаздарды айыптап отыр. Ал Ресей қорғаныс министрлігі ғимаратты Украинаның «Азов» батальоны» жарып жіберді деп мәлімдеді. «ВВС»-дің хабарлауынша, Ресей әскері басып кіргелі бері қалада 2400 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Екі апта бойы тұрғындар сусыз, жарықсыз, жылусыз отырды. Қоршаудағы қалада әлі де 400 мыңдай адам қалған. Ал Черниговте нан алу үшін кезекте тұрған 10 адам ресейлік күштердің қолынан қаза тапқан. Бұл ақпаратты Мәскеу жалған деп, жоққа шығарды. Тағы бір айта кетері, 1 апта бұрын Мелитополь қаласының Ресей күштері кепілге алған мэрі кеше 9 ресейлік тұтқынға айырбасталып, босатылған. Ал Украина президенті Зеленский АҚШ Конгресі алдында видеобайланыс арқылы сөз сөйлеп, ел аспанын ұшуға болмайтын аймақ деп жариялауды, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді, Украинаға қажетті қару-жарақты жеткізуді сұрады.

Украинаға камикадзе-дрондарды ж іберуі мүмкін

АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша 800 млн доллар бөлінетінін мәлімдеді. «Си-Эн-Эн» телеарнасының хабарлауынша, «стингер», «джавелиндермен бірге «Киевке нысанаға үлкен қашықтықтан дәлдеп тиетін камикадзе-дрондар жеткізілуі мүмкін. Журналистердің сұрағына берген жауабында, Байден Ресей президенті Владимир Путинді «әскери қылмыскер» деп атады.

Кремль болса, Байденнің бұл мәлімдемесін «қабылданбайтын және кешіруге болмайтын» риторика деп атады. Бұған дейін Путин Ресей аймақтарын әлеуметтік-экономикалық қолдау шаралары туралы кеңесте Украина мәселесін қозғады. Кремль басшысы батыс елдері қару-жарақтың жаңа партияларын жеткізе отырып, Украинаны қантөгіске итермелейді деп мәлімдеді. Сонымен бірге, Киевпен арада өтіп жатқан келіссөздерде Мәскеу Украинаның бейтарап мәртебесін талқылауға дайын екенін айтты.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу