Түркістан облысында толассыз жауын жауып, үйлер мен қора-қопсыны су басты. Әсіресе, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында жерасты сулары көтеріліп, тұрғын үйлерге кірген. Арнайы құрылған штаб зардап шеккендерге көмек көрсетуде.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Жетісай ауданында апта бойы жауған жаңбыр салдарынан тұрғын үйлер мен қора-жайлар су астында қалды. Қазір мұндағы тұрғындар аулаларында жүріп тұру үшін резеңке етік киіп жүруге мәжбүр. Ал, суды жан-жаққа ағызуға өздерінің шамалары жетпейді.
Жетісай қаласы мен он ауылдық округте жаңбыр суы арық болып ағып, жан-жаққа тасып жатыр. Тіпті қора жайлар құлап қалған. Әсіресе Достық ауылында жерасты сулары көтеріліп, аулаларға жайылған. Алпысбай Оңдыбаев үш күннен бері қора түгілі, аулаға да шыға алмай қалғанын айтады. Өздігінен әрең жүріп тұратын қария бір аптадан бері жауапты мекеме қызметкерлерін күтіп шаршадық, - дейді.
Алпысбай Оңдыбаев, Достық ауылының тұрғыны:
Қойларымыз, сиырларымызға дейін белуардан суда. Баратын жеріміз жоқ. Жас балдарымыз бар үйде, шыға алмайды.
Достық ауылындағы кейбір үйлерде тіпті жертөлелер суға толып, қабырғалары көгеріп кеткен. Амалын тапқандар туыстар мен таныстардан су соратын құрылғылар әкеліп, айналаны тазартып жатқанын айтады. Оны таба алмағандар судың ортасында өмір сүруге мәжбүр.
Зәйіт Тәңірбергенов, Достық ауылының тұрғыны:
Мынау ағып жатқан су жоқ. Ауылда дренаж жоқ істеп жатқан. Су бақшаға жиналып жатыр. Ағатын жер жоқ.
Қазыбек би ауылында да жағдай мәз емес. Мұнда ауыл іргесіндегі егінге жиналған су жаңбырмен қосылып, тасып кеткен. Сөйтіп елдімекендегі 30-ға тарта баспана су астында қалды. Қазір ауданда арнайы штаб құрылған. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы техникалармен көшелер мен аулаларды судан тазартуда.
Талғат Досалиев, Түркістан облыстық ТЖД басқарма басшысы:
Ең көп су кіру жағдайлары Жетісай ауданында 36 тұрғын үйге, Мақтаарал ауданында 12 тұрғын үйді суалды.
Жергілікті билік өкілдері болса ауданда жерасты суларын соратын дренаждардың басым көпшілігі істен шығып қалғанын айтады.
Әшірбай Тасов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары: Ауданда 392 тік дренаж болатын болса, бүгінгі таңда 82-сі жұмыс істеп тұр. 72-сі режимге сәйкес тоқтап тұр. 233-і жөндеуді қажет етеді. Ауданда жедел желі іске қосылып, аулаларын су басқандарға көмектер көрсетілуде. Десек те, ауа райын болжаушылар нөсер жауынның алдағы төрт күн бойы жалғасатынын хабарлады.
Айнұр Ақбаева