«Астананың күн сайын құлпырып, арман қала атанғанына шетелдегі қандастарымыз да қуанып, мәре-сәре. Жат жерде жүрсе де, жүректері елім деп соққан Венгрия қазақтарының барша халыққа тілегі ұшан-теңіз. Мерекеге орай мажар бауырлар да өз құттықтауларын жолдады.
Бұл студент Денештің ғана емес, Мажарстанның бірқатар зиялы қауым өкілдерінің де арманы. Депутат, дипломат пен ғалымдардың Қазақстанға қызығушылығын арттырған Оңғайша Мандоки. Саналы ғұмырын қазақ пен мажардың бір тамырдан өрбіп шыққан туыс екенін дәлелдеуге арнаған атақты түркітанушы ғалым Иштван Қоңырдың жары. Венгрияға қоныс аударған 34 жылдан бері мажарларға қазақ тілін үйретіп, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын дәріптеп жүр. Ел мен Елбасы туралы естеліктерді айтудан да жалықпайды.
Оңғайша Мандоки, Иштван Қоңыр Мандокидің жары, түркітанушы ғалым:
Біз Елбасын мақтан тұтамыз. Ол кісі қолынан келгенін аямай, бүкіл халықтың, қазақ халқын шетелге өте керемет қылып көрсетті ғой. Сол кісінің арқасында, біз қай елге барсақ та қазақтың кім екенін біледі. Ол дана да, ұлы адам. Дені сау болсын, өмірі ұзақ болсын, Елбасы болып жүре берсін.
«Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың бағына біткен басшы»,-дейді Андраш Гал. «Барыс» деп аталатын қазақ-мажар қорының төрағасы бірнеше жыл бұрын Президенттің қабылдауында болып, «Барыс» орденімен марапатталыпты. Сонан бері, төсбелгіні тастамай тағады. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық қарым-қатынасты дамытуға күш салып жүр.
Андраш Гал, «Барыс» Қазақ-мажар қорының басқарма төрағасы:
Алғаш рет Қазақстанда 1999 жылы болдым. Сол уақыт пен қазірді салыстыру тіпті мүмкін емес. Аз уақыттың ішінде Қазақстанның осындай жетістікке жетуі - таңқаларлық жағдай. Бүгінде азулы мемлекеттер Қазақстанмен санасып, тәжірибесін енгізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-кеңесіне жүгінеді. Президенттің өте қарапайым, ақкөңіл жан екеніне кездесу барысында көзім жетті. Салиқалы саясат ұстанып, ұтымды шешім қабылдайтын басшы барда, ел өркендеп, халықтың әл-ауқаты жақсара берері сөзсіз.
«Елбасыға қарап көшін түзеген елдің ертеңі жарқын»,-деген Андраш қазақ елі «Мәңгілік ел» болу мұратына жетсін, деп тілейді. Ал, Оңғайша Мақсұмқызы Астанамен бірге, қазақ тілінің де мәртебесі арта береді, деген сенімде.
Нұрсұлу ҚАСЫМ