Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің ашық әрі жариялы өтуіне мүдделі. Тергеудің әділ өтіп жатқанына күмән болмауы тиіс. Бұл келешекте мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін маңызды. Дегенмен қоғамда жыл басында болған жаппай тәртіпсіздіктер бойынша сұрақ көп. Оларға ашық және анық, бетпе-бет жауап алу үшін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері құқық қорғау орган басшыларын Мәжіліске шақырды.
Қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі? Өңірлерді аралаған Мәжіліс депутаттарына осы сұрақ жиі қойылған. Әрине депутаттың қылмыстық іске араласуға, баға беруге құқы жоқ. Бірақ олар халықтың талап-тілегін тиісті мемлекеттік құрылымдарға жеткізді. Сұрақтарға бүкпесіз, ашық жауап алу үшін құқық қорғау орган басшыларын Мәжіліске шақырды.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Лаңкес кім? Кімдерді пайдаланды? 15 адам Отанын сатқан опасыздық туралы ұйымдасқан топ. Бұдан бөлек қаншама криминалдық топтарға жетекшілік еткен белгілі бір саяси тұлғалар да бар. Жасырып жабатын түгі жоқ. Осының бәрін қоғам білу керек. Террористі кім? Жалпы көппен бірге көшке ілесіп жүргені кім?
Сайлаушылар тарапынан қойылған сауалдардың біразын депутаттар Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және басқа да құзырлы орган басшыларына қойды.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекет басшысы ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда құқық бұзушыларға жазаны жеңілдету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл мәселе бойынша не істеліп жатыр?
Серік Шалабаев ҚР Бас прокуратураның қылмыстық істерді қадағалау бойынша қызметінің бастығы:
Прокурорлардың өтініш хаттары бойынша 1153 адам әкімшілік қамаудан босатылып және 779 адамның айыппұлы ескертуге өзгертілді. Қылмыстық істерге келетін болсақ, 203 адамға бұлтартпау шараларына өзгерттік.
Президент сын сағатта шұғыл әрі батыл шешім қабылдады
Кей сұрақтарға жауап алу үшін тергеудің толық аяқталғанын күту керек дейді құқық қороғаушылар. Айтуларынша, тергеудің әділ өтіп жатқанына күмән болмауы тиіс. Бұл келешекте мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін маңызды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осы сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай тез арада тұрақтанды. Уақыт өте келе бұл елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін енді түсініп келе жатырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында біздің азаматтардың тағдыры тұр.
Жалпы отырыс барысында депутаттар тарапынан 20-ға жуық сұрақ қойылды. Жауапты орган жетекшілері бүкпесіз, ашық жауап берді.
Берік Көшербай