Бас прокурор: Тергеу ашық, заң аясында өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокурор: Тергеу ашық, заң аясында өтіп жатыр

14.03.2022

Қаңтар оқиғасындағы азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тоғызы – ең күрделісі. Ұлттық қауіпсіздік органы мен полиция қызметкерлеріне қатысты. Олармен Бас прокуратура айналысып жатыр. Осы Қаңтар қақтығысы кезінде 3000-дай қару жарақ ұрланған. Оның 2000-нан астамы әлі қылмыскерлердің қолында. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді. 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары жүргізілді. 766 күдікті ұсталған. Дені - 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ, жұмыссыз жастар. Араларында 19 адам деструктивті діни ағымда екені анықталғанын айтты бас прокурор. Сондай-ақ, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі болған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам бұрын кісі өлтірген, ұрлаған, тонаған және қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Сондай-ақ Бас прокурор аумақтық тұтастығымыз бен мемлекеттігімізге үлкен қауіп төнгенін айтты.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

Мемлекетті жоғалтып алудың алдында қалдық. Жедел әрекеттің арқасында құқық қорғау органдары мен әскерилер басып алынған нысандардың барлығын дерлік бақылауға алып үлгерді.

Ал мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету, аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 іс тергеліп жатыр. Қаңтар оқиғасына қатысты жедел-тергеу іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бас прокурор тергеу ашық, әрі заң аясында өтіп жатқанын еске салды.


Хабарламаларға жазылу