Қаңтарда ел бойынша жаппай тәртіпсіздікке 50 мыңнан астам адам қатысқан. Оның басым бөлігі Алматыда. 3 мың 700-ден астам іс қозғалып қазір тергеу жүріп жатыр. Оның барысы туралы бүгін Мәжілісте баяндаған Бас прокурор тәртіпсіздік хронологиясын ашып айтып берді. Ал ұсталғандарды азаптау бабы бойынша 250-дей тергеуші істі болып жатыр. Тікелей байланысқа шыққан әріптесім толығырақ айтсын.
Досжан Маратұлы, тілші:
Мынаны баса айту керек. Қазір тергеу әлі жалғасып жатыр. Бірақ Қаңтар оқиғасына қатысты қоғамның сауалы көп. Сол үшін Бас прокурор мен Ішкі істер министрі мен өзге де ведомства басшылары қолда бар мәліметтерімен бөлісіп, тергеу барысы жайлы баНдады. Сонымен Бас прокурордың айтуынша тергеу ашық, заң аясында өтіп жатыр. Ал тәртіпсіздікке келсек. Ол үш толқынмен болған дейді Берік Асылов. Яғни әу бастағы бейбіт митинг бірінші толқын. Екінші толқын митингті пайдаланған радикалдар мен арандатушылардың әрекеті. Үшінші толқын бәрін өртеп қиратқан бұзақылар мен тонаушылар іске кірісті. Салдарынан ел бойынша 50 мың адам тәртіпсіздікке шықты. Оның 30 мыңы Алматыда.
Берік Асылов, ҚР Бас Прокуроры:
Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды.Басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру; ұрлық; қарақшылық; бұзақылық; қару ұрлау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті: – мемлекетке опасыздық жасау, – билікті басып алуға әрекет ету және – аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде.
Яғни Қаңтар оқиғасының түпкі мақсаты - мемлекеттік төңкеріс жасау, дейді Бас прокурор. Қазір осы күдікпен Кәрім Мәсімов пен оның екі орынбасары ұсталған. Экс-төраға 17 жыл арқалуы мүмкін деді Асылов. Сондай-ақ «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмағалиев пен оның 14 сыбайласына қатысты тергеу жүріп жатыр. Тәртіпсіздіктен кейін өзге де мыңдаған адамның ұсталып, тергеуге алынғаны белгілі. Осыған орай маңызды мәлімет: Ұсталғандарды азаптап қызметін асыра пайдаланған 243 құқық қорғау қызметкеріне қатысты іс қозғалған. Ең күрделі 9 іс бас прокуратураның назарында. Бұларды қызметінен шеттету жайлы әзірге бұйрық жоқ. Өйткені әлі тергеу бар, сот бар.
Ал келтірілген шығындарды өтеу, нысандарды қалпына келтіру қалай жүріп жатыр?
Иә жаппай тәртіпсіздік кезінде мың жарымдай бизнес және мемлекеттік нысан бүлінген. Қазір арнайы комиссия құрылған, қираған ғимараттар мен зардап шеккен кәсіпкерлерге шығынды өтеу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, деді Роман Скляр. Айтуынша, еліміздің 8 облысында әкімдік, полиция бөлімшелері секілді 42 мемлекеттік нысан зардап шеккен. Оның 28-ін қалпына келтіру басталып кетті. Қалған 14-іне қатты бүлінген.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Күрделі жөндеу және қайта құруды қажет ететін 14 мемлекеттік нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Кестеге сәйкес, 7 ғимарат бойынша жұмыстар наурыз айында, 5 нысан бойынша ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады.
Айтарлықтай зардапты ескере отырып, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Бизнес нысандар бойынша. Шығынды өтеу бойынша 1700-дей өтініш түскен. Қазір жергілікті атқару органдары мыңнан астам өтінішті мақұлдап бес жарым миллиард теңге өтемақы төледі. Қалған бизнесмендерге де бағалау процедуралары аяқталған соң тиісті қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ Вице-премьер шағын және орта бизнесті қолдау шаралары жайлы айтты. Ал тергеу барысы осылай ашық түрде бұқараға жарияланып тұрады, деді Бас прокурор.