Бүйрек ауруы дендеп барады. Елімізде осыдан 10 жыл бұрын 2000-дай адам диализге тәуелді болса, қазір олардың саны 7000-ға жетті. Бұған ауруды ерте анықтап, уақтылы емделуді елемеу себеп. Науқастар саны күрт артқандықтан экономикалық шығын да аз емес. Мәселен 2020 жылы бүйрек ауруларын емдеуге 68 млн доллар жұмсалған.
Анар Шәймергенованың бүйрегі бұрыннан ауырады. 4 жыл бұрын екі бүйрегі де семіп қалған ол диализ орталығына күнара баруға мәжбүр.
Анар Шәймергенова, қала тұрғыны:
Егер де терапевтер мұны ертерек қараса, көрсе, жылына бір рет несеп жолдарының сараптамасын тапсырып жүрсе, онда осындай диализдік пациенттер аз болушы еді. Көбі емделіп кетуші еді. Ал бізде жай инфекция пиелонефритті асқындырып жібереді де, ауруханада дұрыстап қарамайды. Сосын сол бүйректер нашарлай береді.
Соңғы 10 жылда диализге мұқтаждар саны 3 жарым есе өскен. 7000 адам аппаратқа тәуелді. Ауруы асқынған науқастар бұдан да көп. Тек министрлік те ауруға бей жай қарап келді ме, статистика жүргізіп көрмепті. Сала мамандары біріншіден дәрігерлердің салғырттығы екенін жасырмады.
Жазира Тұрсынбекова, «Нефрологтар, диализ дәрігерлері және трансплантологтар» ҚБ атқарушы директоры:
Немқұрайлық танытпайды. Бірақ науқастарды жіберіп қойып жатырмыз. 3-4-5 стадияда келіп жатады науқастар
Асқынуды емдеп, алдын алуды қалыс қалдырдық. Осылай деген дәрігерлер қазына қаражаты шектен тыс көп жұмсалып жатқанын айтады.
Жазира Тұрсынбекова, «Нефрологтар, диализ дәрігерлері және трансплантологтар» ҚБ атқарушы директоры:
1 жылда 68 млн доллар жұмсалған қазынадан. Асқынуды емдеп жатырмыз бір сөзбен айтқанда. Біз алдын алу шараларын жасау керекпіз.
Екінші мәселе – бүйрек трансплантациясы. Елде 3000-дай адам бүйрекке зәру. Бірақ донор тапшы. Былтыр 300 адамға донор табылмай, бүйрек жетіспеушілігінен көз жұмды.
Мэлс Асықпаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының аға дәрігері:
Мәйіттік трансплантацияны дамытуымыз керек. Өйткені донорлардың саны аз. Дәрігерлер жеткілікті. Техника бар. Операция жасай аламыз. Ең бастысы донор тапшы.
Бүйрек ауруларының 40-қа тарта түрі бар. Ең жиі кездесетіні - бүйректің қабынуы. Ауруды алдын алып, дендеген дертпен күресудің бірнеше жолы бар - дейді нефрологтар. Ең алдымен елдегі бүкіл зертханалармен келісе отырып, халық жаппай анализ тапсыруы тиіс. Мамандар биыл осы бастаманы қолға алмақшы.
Абдужаппар Гайпов, жоғары дәрежелі нефролог:
Қазақстанның бүкіл райондарында, облыстарында ауылдарында жасайық деп жатырмыз. Сол кезде бізге белгілі болады. Сауалнама толтырады. Оларға жолдама береміз. Сол жерде қан және несеп сараптамаларын тапсырады.
Анализ тапсырған соң нақты науқастардың есебі жүргізіледі. Кейін скринингтік жұмыстарды қолға алмақ.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Осылайша статистикаға сүйене отырып, мамандар тексеру, диагноз қою, емдеу шараларын күшейтпек. Десе де, алаңдайтын тағы бір маңызды мәселе бар. Елде маман тапшы. Нефрологтар аз. Көбісі айлығы жоғары жеке емханаларға кеткен. Сондықтан жоғарыда да айтқан диагностикалау жұмыстарының қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Ең дұрысы әр азамат өз саулығына деген жауапкершілікті күшейткені жөн.
Раушан Сайлауқызы