Елімізде субсидиялаудың жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа платформаны бірнеше айдан соң іске қосуды көздеп отыр. Бірақ Сенат депутаттары асықпауға кеңес берді. Осы мәселе бүгін дөңгелек үстелде талқыланды. Жиынның негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру болған. Бұл бағыттағы жұмыста та шешілмеген проблема да көп.
Аграрлық сала 16 бағыт бойынша субсидияланады. Шаруаларға демеу қаржыны беру процессі толық автоматтандырылған. Алайда ақпараттық жүйелердің бір-бірімен байланысы жоқ және жекенің қолында. Жүйеге кіру үшін фермер абоненттік төлем жасауға мәжбүр. Сондықтан субсидиялау саласына реформа жасалмақ.
Бағлан Бекбауов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Субсидиялау процессін жетілдірумен қатар, Президент әкімшілігінің тапсырмасына байланысты, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмысын бастадық. Ол қолданыстағы жүйеден бірқатар артықшылықтарға ие. Фермерлер үшін тегін болады. Ешқандай төлем қажет етпейді.
Жоспар бойынша, жаңа жүйе жазда іске қосылады. Бірақ, бұрын Ауыл шаруашылық министрілігін басқарған, қазір сенатор болып отырған Ақылбек Күрішбаев дәл қазір әріптестерін әліптің артын бағуға шақырды.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Субсидияның механизмін бірнеше айда өзгертуге болмайды. Біз шаруашылықтарға мүмкіндік беруіміз керек. Мына санкциялар кезінде аяқ-астынан субсидияны ауыстыратын болсақ, біздің ауыл шаруашылық саласының, көптеген фермелердің жұмысы тұрып қалады.Үлкен мәселе туындайды. Сондықтан, сенаторлар ұсыныс айттық. Үкіметке, бір жылға қалдыру керек.
Аграрлық саланы субсидия ғана емес, цифрлы технологиялар да дамытады. Алайда, елімізде 1 мыңнан астам ауылда интернет сапасы нашар немесе мүлде жоқ. Сол себепті шаруалар инновациялардың игілігін көре алмай отыр. Ал шет елдер бұл бағытта баяғыда алға кетіп қалған. Немістерден үйренейік деп жиынға Германияның маманын да шақырған.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Міне, цифрландырудағы деңгейіміз көрініп қалды. Біздегі стандарттар Еуропанікіне сай келмейді. Сондықтан, цифрландыруды енгізу кезінде барлық стандарттарды ескеру керек. Бізде кез-келген ақпаратты аша алатын бағдарлама болу керек.
Қазақстандық мамандар болса цифрландыруға қатысты ақпараттық суреттерін армансыз көрсетті. Сөз жүзінде бәрі керемет. Іс жүзінде қалай болатынын уақыт көрсетеді. Ең алдымен, шалғай ауылдарға интернет жеткізу керек. Жауапты мамандар 2024 жылдың соңында бұл проблема шешіледі деп отыр.
Берік Көшербайұлы