Қаңтар оқиғасы кезінде бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлерге 5 млрд теңгеден астам өтемақы төленеді. Бүгінге дейін «Info Kazakhstan» порталына тіркелген кәсіпкерлерден 1355 өтініш түскен. Оның 1139-ы мақұлданды. Екі жүзден астамы пысықтауға, қалғаны сот сараптамасына жіберілген. Қазір қаржыны төлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зардап шеккен бизнесті толық қамту және шаһар экономикасын тез арада қалыпқа келтіру мақсатында арнайы құрылған комиссия құжаттардың толық пакетін ұсыну бойынша көмек көрсету үшін консультативтік штаб ашқан. Сондай-ақ әлемде болып жатқан күрделі ахуал кәсібіне кері әсер еткен азаматтарға қосымша көмек көрсету механизмі де жасаланып жатыр.
Еркебұлан Оразалин, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:
Қаңтар-ақпан айларына тоқтайтын болсақ әлемде болып жатқан жағдай өзінің ықпалын тигізді. Сондықтан наурыз, сәуір әрі қарай жазғы маусымға көшетін аралықта қала тарапынан жоспарланып отырған кәсіпкерлерге қосымша жәрдем кәсіпкерлерді қолдау инструменттері қазір қарастырылып жатыр. Оған қатысты біз бөлек ақпарат береміз.