Алматыдағы Президент резиденциясының бұзылуына 6 айдан аса уақыт кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Президент резиденциясының бұзылуына 6 айдан аса уақыт кетуі мүмкін

10.03.2022

"Қаңтар оқиғасы" кезінде тоналып, өртелген Алматыдағы Президент резиденциясының бұзылуына 6 айдан аса уақыт кетуі мүмкін. Апаттық жағдайда тұрған ғимаратқа жан-жақты сараптама жасаған Қазақстан көп бейінді қайта құру және дамыту институтының мамандары осындай болжам жасап отыр. 24 мың шаршы метрден астам аумақты алатын нысанды 100-ден астам адам күл-қоқыстан тазартып жатыр. Сараптама қорытындысы қандай? Ғимаратты бұзуға не себеп? 

 Жазира Оразқызы, тілші:

Осыдан 30 жыл бұрын пайдалануға берілген Президент резиденциясының қазір сау тамтығы қалмаған. Біз техникалық қабатта жүрміз. Төменге көз салсақ, бұл жерде түрлі деңгейдегі халықаралық кездесулер, шетелдік меймандарды қабылдайтын конференция залы болған екен. Бұл ғимаратта қазір жүріп-тұрудың өзі қауіпті әрі қорқынышты.

Аппақ мәрмәрмен қапталып, әсемдігімен сүйсіндірген резиденция қазір адам шошырлық күйде. "Қаңтар оқиғасы" кезінде Орталық алаңға жиналған бүлікшілер бұл ғимараттың да күл-талқанын шығарған. Ішіндегі құнды дүниелерді қолды қылып, артынша өртеп кеткен.

Ермек Дүйсенбинов, Президент резиденциясының директоры:

Ғимаратқа от қоюдың алдында ішіндегі заттарды тонаған. Қалған дүние мен жиһаздардың көбісі өртеніп кетті. Сатып алынған, сыйға тартылған картиналардың 27-сін құтқарып қалдық. Бірақ қаншасының жарамды екенін айту қиын.

Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Тарихи нысанға келтірілген шығын көлемі де есептелуде. Ал Қазақстан көп бейінді қайта құру және дамыту институтының мамандары ғимаратқа 2 айдан астам сараптама жүргізді. Олар түрлі сынақтар өткізіп, жан-жақты талдаудан соң өз қорытындыларын ұсынып отыр.

Жұмағұл Нұғұжинов, Қазақстан көп бейінді қайта құру және дамыту институтының директоры:

Өрттің кесірінен барлық жүккөтергіш құрылым мен шатырдың негізі саналатын металл элементтері қатты зақымданған. Ғимарат апаттық жағдайда тұр. Нысанды осы күйі қалдырсақ, қайта салып шығатындай қыруар қаржы керек, яғни, ғимараттың негізгі құрылымдарын қалпына келтіріп, сейсмикалық беріктігін нығайту қажет.

Президент резиденциясының жобасы 80 жылдардағы құрылыс нормаларына сәйкес әзірленген. Мамандардың айтуынша, қазір бұл ережелер ескірген. Сондықтан ғимаратқа қатысты 3-категорияға жататын «пайдалануға шектеулі жарамды» деген тұжырым жасалған.

Айдын Бейсенбаев, Президент резиденциясының өндірістік-техникалық бөлім қызметкері:

Былай қолмен ұстасаңыз да, бетонның өзі үгітіліп тұр. Белдемеміз ортасынан майысқан. 1 мың градуста өрт болған кезде темірлерге зақым келген. Өкінішті, әрине, неше шара өтті, неше делегациялар келді. Көз алдыңызда тұрғасын, көзге ыстық көрінеді.

Қазір қаңтар кезінде қиратылған ғимаратты бұзу жоспары жасалып жатыр. Бұл мақсатта арнайы жоба әзірленбек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген тарихи шешім, ел үшін маңызды құжаттар қабылданған резиденция толық бұзылады. Оның орнына қала тұрғындары үшін тынығып, серуен құратын саябақ салынады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу