Утиль алымнан жиналған қаржыны фермерлерге беру керек. Әйтпесе шаруалар қып-қызыл шығынға батқалы тұр. Биыл құрғақшылық қайталанып, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының өсуі қатар келді. Сенатта агро саланың ауыртпашылығын жеңілдету мәселесі көтерілді.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Жығылғанға жұдырық демекші, Ресейге салынған санкциялар салдарынан көрші елден азық-түлік жеткізу көлемі де ұлғаюы мүмкін. Ал жауапты мекемелер жайбасарлық танытып отыр. Субсидиялау қағидалары биыл 1 шілдеде ғана дайын болады екен. Негізі бұл сезгіл құжатқа қарап отыратын емес, елде жұмыс қайнап жатуы тиіс. Қолдау жетпей жатқанда қымбатшылық та қысып барады. Мысалы былтыр аммиак селитрасының тоннасы 81 мың теңге болса, қазір 200 мың теңгеге жетті. Ал, аммофос тыңайтқышы екі есе өсіп, 207 мың теңгеге шарықтады.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқ астынан өзгертілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биыл ауылшаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет. Мүмкін «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы утиль алымнан құралған 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таңда халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ деп есептейміз.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Сондай-ақ Сенатор суға баға белгілеуді де қатаң реттеу керек деп есептейді. «Қазсушаруашылығы» ағын судың бағасын 2 жарым есе қымбаттатқан. Өйткені, шетелдік қаржы ұйымдарынан алған қарыздарын қайтару мерзімі жеткен. Енді, осы түйткілді оңтайлы шешу қажет. Тіпті, әлемдік қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп, қарызды өтеу күнін ұзарту ұсынылды. Ақерке, агро саладағы бірқатар проблемалар осындай болып тұр.