Батыс Қазақстанда «Amanat» партиясының филиалы партиялық бақылауды күшейтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда «Amanat» партиясының филиалы партиялық бақылауды күшейтеді

09.03.2022

Батыс Қазақстанда «Amanat» партиясының филиалы партиялық бақылауды күшейтеді. Өз міндетін орындамай, сын садағына іліккендер партия қатарынан шығарылады. Қоғамдық кеңестердің сапалық құрамы жаңарады. Әлеуметтік желідегі пікірталас партия, мәслихат алаңдарында талқыланбақ. Президент тапсырмасынан туындағын міндеттер қалай жүзеге асады? Тілші тарқатады.

Сауалына жауап іздеп сабылған жұрт партия қабылдауына келеді. Жерден бөлек, азаматтарды әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, еңбек дауы, жұмыспен қамту мәселелері мазалайды. Былтыр қоғамдық қабылдауға 5 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 43 пайызы оң шешімін тапқан. Алайда, Бөрлі, Ақжайық, Бөкей ордасы аудандарындағы мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар сан сылтау айтып келген жұртты қабылдамаған. Партиялық бақылау келешекте өз міндетіне салғырт қарап, «Аманаттың» тек атағын малданып жүрген мұндай мүшелерден арылмақ.

Нұрғиса Қамашев, «Амаnат» партиясының облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы: 
Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, бізде 12 партия мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылды. Оның екеуі партия қатарынан шығарылды. Партиялық шара қолданылған партия мүшелерінің 75 пайызы – мемлекеттік қызметшілер. Сөздің шыны керек, партияластарымыздың арасында партиялық шараларға немқұрайлы қарайтындар бар.

Партияның облыстық филиалы жанында 12 қоғамдық кеңес бар. Қаралатын мәселелер ұқсас болғандықтан, олардың саны 8-ге дейін қысқартылады. Бұған қоса кеңес құрамы жаңартылады. Іс бітірмей жүргендер жаңашыл, белсенді азаматтарға орын беруі керек.

Афиза Семғалиева, «Амаnат» партиясының облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы:
Қоғамда өзіндік ойын айтып жүрген, сынап жатқан адамдарды да біз өз қатарымызға шақырып жатырмыз. Өйткені мүдде бір – халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу, соның шешілуіне ықпал ету.

Аймақтағы 14 қоғамдық қабылдау бөлімі шалғай елді мекендерге шығып, ел-жұртпен етене жүздеспек. Облыстық мәслихат жанынан да қабылдау бөлімі ашылады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу