Павлодар облысындағы Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновский» бағытындағы республикалық тас жолды су шайып кетті.
Қар суы бұзып кеткен 103-ші шақырымда жауапты мердігер жұмыс істеп жатыр. Елордадан қосымша техника шақыртылған. Себебі, судың деңгейі көліктерге арналған бетон өткелді жауып жіберуі мүмкін. Әзірге көліктер айналма жол арқылы өтуде. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, наурыздың 6-7 күндері қар күрт еріген. Соның салдарынан Баянауыл ауданының Құндыкөл, Жаңажол және Бірлік ауылдарын жанамалай қызыл су жүрген. Бірақ үйлер мен қора-қопсы судан аман. Жергілікті атқарушы орган арнайы штаб құрып, тасқын судан қорғану үшін қам жасап жатыр.