Сәуірдің бірінен бастап еліміздегі ірі кинотеатрлар желісі жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бұған Ресей арқылы келетін Голливудтық фильмдерге салынған шектеу себеп дейді, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы. Олардың сөзінше, Голливудтың үлкен бестігі – The Walt Disney Company, Warner Bros, Universal Studios, Sony Pictures және Paramount киностудиялары Ресейге қарсы санкциялар режиміне қосылғандығына байланысты қазіргі жағдай зерттеліп жатыр. Жақын күндері Мәдениет және спорт министрлігінде кинопрокат пен киножелілердің басшыларымен кездесу өтпек. Онда Қазақстандағы кино театрлардың жұмысын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қаралады. Ал, кинотеатрлар желісінің өкілдері Ресей арқылы жұмыс істейтін голливудтық компаниялар кино ұсынудан бас тартып жатқанын айтады.
Алмас Молдыбаев, кинотеатрлар желісінің директоры:
Қазір орысшаға аударылған кинолар беріледі. Бір, екі айда ол кинолардың бәрін көрсетеміз. Негізгі сұрақтар қалған кинолар жазғы, күзгі және жыл аяғына жоспарланған кинолар бойынша не болады? Оларға аударылу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Ол сұрақтарға оларда қазіргі таңда жауап бере алмай отыр.