Оңтүстік өңірдегі жылыжай шаруашылығымен айналысатын мыңнан астам фермер энергияның қымбаттығынан зардап шегіп отыр. Өндірілген өнім бәсекеге шыдас бермеуде деген олар биліктен көмек сұрайды. Коммуналдық төлемдер тауардың өзіндік құнына тікелей әсер ететіндіктен көкөніс бағасы Орталық Азияда өндірілетін жылыжай өнімдерінен үш есеге қымбаттап кеткен. Мұндай жағдайда жылыжай шаруашылығында жұмыс істейтін 5 мыңнан астам отбасы жұмыссыз қалуы мүмкін. Бүгінде тек Шымкент қаласының өзінде 204 гектар жылыжай бар. Өндірістік негізде соғылғандары әлі де болса амалдап күн көріп жатқанымен, фермерлік жылыжайлардың дені жұмысын тоқтатқан. Тығырықтан шығу үшін диқандар жылыжай шаруашылығының коммуналдық төлемдері үшін мемлекеттен субсидия берілсе дейді.
Мырзахмет Сынабаев, Шымкент қаласы Жылыжай шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:
Шаруалардың да жаңағы арыз-талабы орынды. Өйткені осы өндіріп жатқан өнімнің өзі 120-130 млрд теңгенің айналасында. Соның 10% субсидиялап берсе жетеді. Көгілдір отынымыз бізде 1 куб/м 37 мың теңге. Ал Түркіменстанда ол 45 теңге болады жәй әшейін. Сонымен бұл бәсекелестікке тұра алмай жатыр.
Ғани Қалмаханов