Батыс және Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Украина мен Ресейдің сыртқы істер министрлері Түркияның Анталия қаласында кездеседі. Дмитрий Кулеба мен Сергей Лавровтың кездесуі Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың қатысуымен үшжақты форматта өтпек.
Ал Украина аумағындағы әскери қақтығыстың жалғасып жатқанына 14 күн.
Соңғы мәліметтерге сай, ел билігі Сумы қаласынан гуманитарлық дәліз арқылы 5 мың адамды эвакуациялаған. Мәскеу бүгін таңертең қайта «тыныштық режимін» жариялайтынын және Киев, Чернигов, Сумы, Харьков пен Мариупольдің бейбіт тұрғындарын көшіруге арналған гуманитарлық дәліз жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.
Ал, БҰҰ-ның дерегінше, елін тастап кетуге мәжбүр болған украиналықтардың саны 2 миллионға жеткен. Олардың 800 мыңы - бала. Айта кетсек, әскери қақтығыс басталғалы бері Украина мен Ресей делегаттары үш рет бас қосты. Кездесу барысында тараптар гуманитарлық дәліз ашу, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша түсіністікке қол жеткізген.
Арай Төлегенқызы