«Nur Otan» партиясының атауы өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының атауы өзгерді

06.03.2022

Атауын «Amanat» деп өзгерткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Президент Қ.Тоқаев 16 наурызда саяси реформалар пакетін жариялайтынын хабарлады. Бәсеке алаңына шын мәнінде алғаш рет шығатын партияның съезі туралы Досжан Маратұлы баяндайды. 

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде саяси өзгеріс көп. Президент Қауіпсіздік кеңесін басқарды. «Нұр Отанға» төраға болып сайланды. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясын түбегейлі жаңғырту қажеттігін айтқан еді. Өзгеріс ребрендингтен басталып отыр. «Нұр Отан» бұдан былай «Аманат» деп аталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:
Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. Сондықтан, мен партиямызды ресми түрде «Amanat» деп атауды толық қолдаймын.

Саяси ұйымның кезектен тыс XXII съезіне қатысқан делегаттар да мұны қолдап отыр. Өйткені бұл қоғамның талабы. Мәжілістегі фракция төрағасы партияны жаңартпай жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес дейді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжісінің төрағасы:
Желтоқсан айындағы жағдай мен қаңтардағы жағдайды қарасақ, біз басқа мемлекетте ұйықтап, басқа мемлекетте оянған сияқты болып тұрмыз. Шындықты айтайықшы. Сондықтан қоғамның сұранысы да өзгеріп отыр. Терракт, үлкен шабуыл болған соң қоғам дүр сілкініп отыр. Партия соған бейімделуіміз керек қой. Қоғам өз алдына, партия өз алдына бөлек әлемде өмір сүрмейді.

Бірақ құр ребрендингпен мәселе шешілмейді. Заты да өзгеруі тиіс. Мұны өткен айда партия жұмысана жүргізілген сараптама тағы бір айқындап берді. Сондықтан Президент жаңғыруды орталық аппараттан бастау керек деді. Қазір олар қажетсіз түрлі форумдар мен іс-шараларды өткізуге әуес. Әрі қағазға көміліп отыр. Халықтың мұң-мұқтажы екінші орында қалып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы: 
Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс.

Төраға мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың жұмысын жандандыруды тапсырды. Арасында сауал жолдағаны болмаса, қазір кей депутат жұмған аузын ашпайды. Оның үстіне құр сөзге құрылатын құрғақ жиындар депутаттардың күнделікті жұмысына айналған. Оны өздері де мойындайды.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Еліміздегі ең үлкен пікір-талас алаңы ол мәжіліс болуы керек. Батыс, шығыс, оңтүстіктегі халықтың әлеуметтік жағдайы, түрлі саладағы, ауылшаруашылығы, денсаулық, білім, мәселе жеткілікті. Халықтың талап-тілегі де бөлек.

Құрылтайда депутаттардың рейтингі алдын ала дайындалған есептермен емес, азаматтардың мәселесін шешуіне қарай жасалатыны айтылды. Керек болса, парламент үкімет мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеруі қажет.

Ауыт Мұқибек, қоғам қайраткері:
Жылдан-жылға, шақырылымнан-шақырылымға әлсіреп бара жатыр Мәжіліс, күшеюдің орнына.  Біз егер осы жүйемен жүре беретін болсақ Парламент ешқашан күшеймейді. Оны күшейту үшін мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту керек.

Тағы бір мәселе. Қазір партияның айналасында комиссия мен кеңес көп. Бәрі бір мәселені шыр айналдырып талқылауға құмар. Бірақ, нақты шешімдер сирек қабылданады. Сол үшін қажетсіз кеңестер жабылмақ.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:
 Республикалық деңгейде 9, аймақта 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады. Бұған қоса олардың құрамы да жаңарады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орынына елдің сөзін сөйлейтін тұлғаларды тартамыз.

Ендігі міндет қабілетті жастарға жол ашу, деді президент. Осы орайда партия саяси кадрларды даярлайтын мықты мектепке айналуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:
Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет.

Трансформация жолындағы өзгерістер мұнымен бітпейді. Президент партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін айтты. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелерді анықтау үшін идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық шара ұйымдастыруды тапсырды. Бірақ мәселені шешуге келгенде популизм болмауы керек. Халыққа орындалмайтын құрғақ уәделер емес, нақты іс қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті - «Amanat» партиясының төрағасы:
Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет.

Түптеп келгенде «Amanat» партиясының да қағидасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен ұштасуы керек.

Индира Рыстина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:
Партияның сайлауалды бағдарламасы бар, ол қалады. Бірақ, оны жүзеге асыру механизмдері ауысып отыр. Ол дегеніміз – халықтың үнін көбірек тыңдау. Яғни, партияның негізі халық екенін түсіне отырып, енді барлық мәселелерді халықтың негізінен шығарып алу принципі жүзеге асырылатын болады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Қысқасы «аманат арқаладық» деп отырған партия мүшелеріне жүктелген міндет көп. Әзірге төрағасы болып табылатын Президент, мейлінше қысқа мерзімде іске асыруды тапсырды. Өздері де осы жолы науқандық шаруамен айналыспайтындарын айтады. Ондайдың күні өткенін бәрі біледі.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу