Украина үкіметі: Қарулы жанжалдар кезінде 28 бала қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина үкіметі: Қарулы жанжалдар кезінде 28 бала қаза тапты

05.03.2022

Ресей мен Украина кейбір аудандарда атысты уақытша тоқтатуға келісті. Осыған сәйкес, бүгін Украинаның екі қаласы маңында бейбіт халық қауіпсіз жерге кетуі үшін гуманитарлық дәліз ашылды. Алдағы бірнеше сағатта осы жолдар арқылы жүздеген мың адам эвакуациялануы мүмкін. Дегенмен, ресми Киев ымыра сақталмағандықтан, елді көшіру жұмыстары кейінге қалдырылды деп отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ресей мен Украина екі ауданда атысты уақытша тоқтатуға уағдаласты. Негізгі мақсат – қарулы тайталас жүріп жатқан аудандардан бейбіт халықтың кетуіне жол ашу. Эвакуациялық дәліз оңтүстік-шығыстағы Мариуполь порты мен шығыстағы Вольноваха қаласы маңында ашылуы керек. Екеуі де – Ресей армиясының қоршауында.

Ымыра уақытының қаншаға созылатыны белгісіз. Бірақ, кейбір мәліметтерге қарағанда, Украина үкіметі Мариупольдан 200 мың, Вольновахадан 15 мың тұрғынды алдағы бес сағатта көшірмек.

Владимир Зеленский, Украина президенті:
Беларусьта өткен келіссөздер нәтижесіне сәйкес, бүгін қоршауға түскен, қирап жатқан қалалардағы адамдарды, әсіресе, әйелдерді, балаларды, қарттарды құтқару үшін, Мариуполь мен Вольновахада гуманитарлық дәліздер жұмыс істейді.

Дегенмен, вице-премьері Ирина Верещюктің сөзінше, эвакуация жолдары атқыланып жатқандықтан және Вольноваха қоршауға алынғандықтан, халықты көшіру кейінге қалдырылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі болса, дүйсенбі күні Украинадағы нашарлап бара жатқан гуманитарлық жағдай жөнінде кездесу өткізеді. Ұйымның болжамынша, Украинаның өз ішінде 12 миллион тұрғынға, көрші елдерге қашқан тағы 4 миллион адамға алдағы айларда жәрдем қажет болады. Ал, миллиондаған адамның өміріне қазірдің өзінде орасан қауіп төніп тұр.

Маргарет Бачелет, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары:
Елде ондаған миллион адамға өлім қаупі төніп тұр. Сол қатердің одан әрі күшейтетініне қатты алаңдаймын. Жарылыстардан сақтанған мыңдаған адам, соның ішінде, қарттар, жүкті әйелдер, балалар мен мүгедектер жертөлелер мен метро станцияларын паналауға мәжбүр.

Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович мәлімдегендей, қазір Киевтің солтүстік-батысында әуе шабуылдары мен артиллериялық шайқастар жалғасып жатыр. Ал, солтүстік-шығыстағы Харьков пен Охтырка қалаларына оқ жаудырылған. Сонымен қатар, Чернигов, Николаев және ең үлкен порттық қала Одесса үшін де қақтығыстар тоқтамай отыр.

Украина үкіметінің есебінше, ақпанның 24-нен бері әскери тайталастан елде 840-тан астам бала жараланып, 28-і қаза тапқан. Кем дегенде 331 бейбіт тұрғынның жан тәсілім еткені расталды. Бірақ, БҰҰ-ның болжамынша, құрбандар мен зардап шеккендердің шынайы саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Арыстанбек Рысбек 

Хабарламаларға жазылу