Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

05.03.2022
Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ғылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Президент әкімшілігінің, салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Вице-премьер ғылымның өндіріспен өзара байланысының маңызды рөлін, халықтың еңбек табысын өсірудегі ғылымның үлкен әлеуетін атап өтті. Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасында 1700 жаңа жұмыс орнын құра отырып, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландырудың 200-ге жуық жобасын іске асыру көзделген. Ералы Тоғжанов халықтың еңбек табысын арттыруға ғылымның үлесін күшейту жөніндегі шараларды қосымша пысықтауды тапсырды.

Кеңесте ғалымдарды қолдау, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, ғылым, өндіріс пен бизнестің өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі нақты шараларды қамтитын ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы талқыланды.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі техникалық ғылымдарды, инжиниринг пен технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, 951 перспективалы ғылыми әзірлемелердің тізімін таныстырды.


Хабарламаларға жазылу