Украинадан тағы 130 қазақстандық елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан тағы 130 қазақстандық елге оралды

04.03.2022

Түнде Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың үшінші легі Польша арқылы елордаға ұшып келді. Бұған дейін 300 қазақстандық қауіпсіз жерге көшірілсе, бұл жолы 130 адам елге оралды. Қақтығыс ошағынан қайтып келген қазақстандықтарды әуежайда туған-туысқандарымен қоса біздің түсіру тобы да қарсы алды. 

Оттан – Отанға. Ұшақтан – құшаққа. Әуежайда тағатсыздана күткен жандар жақындарын құшақтан ұзақ шығара алмай тұр. Ал жырақта жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған отандастардың жаны жай тапты. 

Украинада жағдай ушыққан күннен бастап Қазақстан өз азаматтарын бірден эвакуациялауға кірісті. Арнайы телефон желісі іске қосылып, түрлі қалаларда қалып қойған қазақстандықтар алдымен Польшаға жеткізілді. Катовицеден елге екі рейспен осыған дейін 300 азамат, бүгін түнде тағы 130 адам ұшып келді. Бірі білім алып, енді бірі жұмыс бабымен жүрген. Кейбірі қонақтап барып, қақтығыс ортасында қалып қойыпты. 

Оқ пен оттың ортасынан елге оралған азаматтар елордада тынығып алған соң, өз қалаларына аттанады. Ал қонақүй, ас-сумен қайырымды жандар көмектесіп жатыр. 

Сұлтан Тұндықпаев, волонтер:

«Украинадағы қазақстандықтар» тобына қосылдым. Эвакуацияланған азаматтарға көмек көрсету үшін келіп тұрмын. Екінші рейс келгенде де көмектескенмін.

Өйткені мейірімнің шекарасы шексіз. Мұны қазақ жеріне табаны тиген балалар да түсініп тұрғандай. Бірнеше сағаттық жолдан шаршап келсе де, рейстер хабарламасы ғана естілетін әуежайда бейқам жүріп, мәз-мейрам. 

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу