Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның вице-президенті Фуат Октайды қабылдады. Әңгімелесу барысында олар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесуде мемлекет басшысы екі ел арасындағы түрлі саладағы екіжақты байланыстардың деңгейі жоғары екенін айтты. Сондай-ақ, осыған дейін қалыптасқан қарым-қатынастарды одан әрі жандандыра түсу қажет екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Фуат Октайға ілтипат білдіре отырып, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанға жүрекжарды сәлемін де жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
Құрметті вице-президент, Сізді Қазақстан астанасында көргенімізге қуаныштымыз. Сіздің бұл сапарыңыз сәтті боларына сенімдімін. Осы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанға сәлем жолдағым келіп отыр. Қазақстан халқы оны өте құрметтейді. Ердоған мырзаның биыл мамыр айында Түркияға сапармен келу жөніндегі шақыртуын шын көңілмен қабыл алдым. Саяси, сауда-саттық, инвестициялық болсын, екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Біздің ынтымақтастығымызға ештеңе кедергі болмауы керек деп ойлаймын.
Түркияның вице-президенті Қазақстан Президентінің мықты әрі батыл басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ, Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, Түрік елі мемлекет басшысының сапарын асыға күтетінін айтты.
Фуат Октай, Түркияның вице-президенті:
Бізді қабылдап отырғаныңызды жоғары бағалаймын. Сізге, қазақ халқына Президент Реджеп Тайип Ердоғанның ыстық ықыласын да жеткізгім келеді. Сондай-ақ, сізге Президенттің өз қолымен жазылған Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстардың 30 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын алып келдім. Біз сіздің жасап жатқан реформаларыңызды қадағалап отырамыз. Бауырлас елдің сын-қатерлерге төтеп келе жатқанына ризашылығымызды білдіреміз.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанның биыл қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысу туралы шешіміне ризашылық білдірді.
Саламат Омаш