Алматы облысында тегін үйірмелерге бөлінген қаржының қалай игерілгенін анықтау мүмкін болмай тұр. Себебі елімізде орта және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий әлі өз күшінде. Ал облыс басшылары үйірме ашқан жеке кәсіпкерлер арасында алаяқтар болуы мүмкін дейді. Тіпті оқу орындарымен сыбайласып, оқушыларды сырттай тіркеуі ғажап емес екенін айтады. Өйткені осы жылға бөлінген 4,4 млрд теңгенің 3,1 млрд теңгесі екі ай ішінде игеріліп қойған. Облыс бойынша 419 жеке кәсіпкер тіркеліп, 95 мыңнан астам бала қамтылған. Әкімдік, бөлінген қаржыға сараптама жасап, Үкімет пен Президент Әкімшілігіне бағдарламаға түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасамақ.
Арслан Дәндібаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Шешілмеген көп мәселе бар. Біз қазір бар мәліметті жинап отырмыз. Бір аптаның ішінде жинап, 9-ы күні біз қорытынды мәліметті Президент Әкімшілігіне жолдайтын боламыз.
Қуаныш Қанатұлы