Молдова мен Грузия елдері Еуропа Одағына өтуге өтініш берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Молдова мен Грузия елдері Еуропа Одағына өтуге өтініш берді

04.03.2022

Молдова болашақ тұрғындары үшін лайықты өмірді қамтасыз ету үшін Еуропа Одағына кіруге өтініш берді. Мұны Кишиневте өткен брифингте республика президенті Майя Санду мәлімдеді. Осыған дейін ол Молдованың еуроинтеграциясын жеделдету қажеттігін айтып, бұл талпынысты ел үкіметінің де қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Санду бұл өтініштің таяу күндері Брюссельге ұсынылатынын хабарлады. Оның сөзінше, Молдова 30 жылда «есейіп», демократиялық, гүлденген мемлекетте бейбіт өмір сүруді қалап отыр.

Бұған дейін Грузия ЕуроОдақ мүшелігіне кандидат мәртебесін беруді сұрап, Брюссельге арыз жіберді. Ол құжатқа премьер-министр Ираклий Гарибашвили қол қойған. Ал, Украина өзін одаққа дереу қабылдау туралы ресми өтінішті ақпанның 28-де берді.

АҚШ ресейлік олигархтар мен олардың отбасы мүшелеріне қарсы жаңа санкциялар жариялады

АҚШ әкімшілігі болса, Ресей элитасына жаңа санкциялар жариялады. Вашингтонның шектеуіне іліккендердің қатарында 8 олигарх пен олардың 20-ға жуық отбасы мүшелері және Кремльдің баспасөз хатшысы – 54 жастағы Дмитрий Песков бар. Тағы 19 олигарх пен олардың отбасына кіретін 47 адам визалық шектеулер тізіміне енді. Олардың ішінде Путиннің сыбайласы Әлішер та бар.

Осы жолғы санкцияларға сәйкес, ресейлік супербайлардың Америкадағы есепшоттары бұғатталып, мүліктерін пайдалануға тыйым салынады.

Апта басында Ұлыбритания үкіметі де миллиардтаған долларға ие ресейлік олигархтардың «соңына түсетінін» ескерткен еді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу